Профессор Қалауша Әділханұлы Бегалиев атындағы дәрісхананың ашылуы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасында кеңестік және қазақстандық көрнекті заңгер, мемлекет қайраткері, Қазақ КСР-нің прокурорының орынбасары (1965–1981), әділеттің 3-сыныпты мемлекеттік кеңесшісі (әділет генерал-майоры), заң ғылымдарының докторы, профессор, қылмыстық іс жүргізу және прокурорлық қадағалау саласының маманы Қалауша Әділханұлы Бегалиевтің атындағы дәрісхана салтанатты түрде ашылды.
Бұл оқиға профессор Бегалиевтің отандық құқық жүйесін дамыту мен заң кадрларын даярлаудағы зор еңбегін еске алу және оның ғылыми мұрасын сақтау мақсатында ұйымдастырылды.
Дәрісхана безендірілуінде ғалымның өмір жолы мен ғылыми қызметінің негізгі кезеңдері көрініс тапқан. Экспозицияда оның ғылыми еңбектері, жеке заттары, қызметтік киімі (әділет генерал-майоры формасы) және қызметтік әрі педагогикалық қызмет жылдарын бейнелейтін сирек фотоматериалдар қойылған.
Кешен құрамында Гезелл айнасы орнатылған арнайы оқу бөлмесі бар. Бұл заманауи оқу кеңістігі студенттерге тергеу әрекеттерін байқау, сұрақ алу және мінез-құлықты талдау бойынша тәжірибелік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Жоба қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының (кафедра меңгерушісі – заң ғылымдарының докторы, профессор Рима Еренатқызы Джансараева) қолдауымен және ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ернар Нұрланұлы Бегалиевтің белсенді қатысуымен жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне келесі құрметті қонақтар қатысты:
• Еркін Ерманұлы Дүйсенов – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор, заң ғылымдарының докторы, профессор;
• Игорь Иванович Рогов – Қазақстан криминология қауымдастығының Құрметті президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор;
• Гүлжан Аманбайқызы Қарақұлова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, прокуратура органдарының ардагері, әділеттің аға кеңесшісі, «Халыққа қызмет ету жолындағы өмір» атты баяндамамен сөз сөйледі.
Профессор Қалауша Әділханұлы Бегалиев атындағы дәрісхананың ашылуы құқық ғылымындағы дәстүр сабақтастығының, ғылым мен қоғамға адал қызмет етудің айғағына айналды.