Достықтың символы – сакура // Түркістан: 03.03.2016

5 наурыз, 2016

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы дипломатиялық өкілеттілігі аяқталған Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Камохара Масаёсимен кездесті.

Елші ҚазҰУ мен Жапон университеттері арасында ғылым мен білім саласында тығыз қарым-қатынас орнатуға тікелей өзі атсалысқан.. Нәтижесінде екі жақты келісімдер, бірлескен жаңа жобалар жүзеге асып, жаңа әріптестер пайда болды. Солардың бірі халықаралық МАГАТЭ желісі бойынша «Ядролық реакциялардың компьютерлік ақпараттық базасын құру мен дайындау». «Тағылымдама кезінде жобаны іске асырушылар Хоккайдо университетінің ақпараттық базасымен, WebbleWorld бағдарламалық қамтамасыз ету орталығымен және Токиода (RIKEN) физико-химиялық зерттеулер Институтында тәжірибелік орнатқыщтармен де жұмыс жасалды. Ұлттық кадрлар дайындалды. Токио университетінде ғылыми дайындықтан өткен бес магистрант қазақстандық алғашқы нано-спутниктің жобасын жасап, құрастырып, ұшырған болатын», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Екі жақ та әріптестіктің даму қарқынына ризашылықтарын білдірді. Камохара Масаёсидің айтуынша, ҚазҰУ-да білім алып жатқан жапон студенттері Қазақстандағы өмірлеріне разы, сондықтан олар мұнда мүмкіндігінше жиі келуге тырысады. Елші мырза атап өткеніндей бұл ол үшін қуантарлық жайт. «Өткен жылы Жапония премьер-министрінің Қазақстанға жасаған сапары мен президент Н.Назарбаевпен кездесуі екі ел арасындағы бірлескен жобалардың дамуына серпін берді», – деді елші.

Кездесу барысында ынтымақтастық мәселелері көтеріліп, бірлесіп әзірленген жоба нәтижелері айтылды. Солардың бірі. Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған жапон тілі байқауы. Japan Foundation қорымен де қыруар жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, мәдени аралық диалог аясында Васэда университетінің студенттері 16 рет ҚазҰУ-ға келді. Келген университет студенттері қатарында жапондықтармен қатар БАӘ және Қытай азаматтары да бар.

Айта кетерлігі, ҚазҰУ ғалымдары жапон университеттерімен берилл шағылдырғыштарының қасиеттерін зерттеумен және оны ядролық энергетикада пайдалану үшін есептік көрсеткіштерін анықтаудың ғылыми жұмыстарын атқарды. Басқа жоба аясында жоғары температуралы су буында графиттің тотығуы (жоғары температуралы салқындатқыш газды реактор) зерттелді.

Кездесуді екі жақ та ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы жоспарларымен қорытындылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов екі жақты еңбектің нәтижесін осыдан үш жыл бұрын Әл-Фараби кітапханасы алдында өз қолымен отырғызған сакура ағашымен салыстырды. Бұл оқиға ендігі күн шығыс елінің елшілігі мен республикамыздың үздік жоғары оқу орны арасындағы достық пен әріптестік қарым- қатынасының символына айналды.