
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде ерекше кездесу болды. «ХАБАР» агенттігінің 30 жылдығы аясында «24KZ» арнасының дикторы, тележүргізуші, журналист Дастанбек Мүрсәлім шеберлік сағатын өтті. Ол креативті журналистика, креативті ойлау, ақпаратты анық әрі әсерлі жеткізу бойынша нақты мысалдармен аудиторияны өзіне тартты.
Шеберлік сағатының мақсаты – болашақ журналистерге кәсіби тәжірибеден бағыт беру, эфир мәдениеті мен сөйлеу шеберлігін жетілдіруге жол ашу болды. Кездесу еркін, жылы атмосферада өтіп, студенттерге ерекше рух сыйлады.
Дастанбек Мүрсәлім өз сөзінде журналистика саласына қалай келгенін, алғашқы қадамдары мен кәсіби жолындағы қиындықтар мен жетістіктерін ашық әңгімеледі. Ол журналист болуды таңдаған сәтінен бастап, эфирге алғаш шыққан кездеріне дейінгі әсерлі оқиғаларымен бөлісті.
«Журналист болу – бұл мамандық емес, бұл өмір салты. Эфирге шыққан әр сөзің, әр қимылың – сенің кәсібіңе деген құрметіңнің көрінісі. Есте қалудың ең үлкен құпиясы – шынайылық пен анық сөйлеу», — деді ол студенттерге арнаған сөзінде. Диктор жас журналистерге сөйлеу мәдениеті, дауыс қою, дикция мен эмоцияны басқару, сондай-ақ уақыт пен ойды нақты үйлестіру сынды кәсіби қасиеттердің маңызын түсіндірді. Эфир алдындағы дайындық, көрерменмен байланыс және кадрда өзін ұстау әдебі туралы нақты мысалдармен бөлісті.
Кеш барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қазіргі телеарнадағы жаңалық жүргізудің ерекшеліктері мен эфир жауапкершілігі жайлы терең мағлұмат алды.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – поэзияға арналған шағын бөлім болды. Дастанбек Мүрсәлім жүрекжарды өлеңдер оқып, сөз өнері мен журналистиканың арасындағы рухани байланысты көрсетті. Оның тебіреніп оқыған өлеңдері студенттерге шабыт беріп, залда ерекше, кереметтей атмосфера орнады.
Кездесу соңында студенттер қонаққа алғыстарын білдіріп, шеберлік сабағының кәсіби тұрғыда мол пайда бергенін атап өтті. «Мұндай кездесулер бізге теорияны өмірмен ұштастыруға, шынайы журналистиканың тынысын сезінуге мүмкіндік береді», — деді кездесуге қатысқан студенттер.
Жүздесу жылы қошеметпен аяқталды.
Лағыл НАМАЗ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Журналистика факультетінің 2-курс студенті.
Басқа жаңалықтар


