- Басты бет
- Жаңалықтар
- Журналистика факультетінде “Жаным менің” телехикаясының шығармашылық тобымен тағылымды кездесу өтті.
Журналистика факультетінде “Жаным менің” телехикаясының шығармашылық тобымен тағылымды кездесу өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде “Жаным менің” телехикаясының шығармашылық тобымен тағылымды кездесу өтті.
Көпшілік көрерменнің ықыласына бөленген бұл тележобаның авторы әрі жетекшісі Арман Сқабылұлы бастаған, қазақ медиасының беделді өкілдері — Қайнар Олжаев, Серік Аббас Шаһ, Бақыттас Санитас, Серік Абаш Шах, Жәмит Көшербаев, Қуаныш Бейсеғалиев және Жандос Әбдірайымов студенттермен жүздесіп, мазмұнды әңгіме өрбітті. Кешті факультет деканы Қ. Әуесбайұлы жүргізіп отырды.
Кездесу барысында университет қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер өздерінің студенттік шағындағы жылы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі буынға шынайы тілектері мен ақыл-кеңестерін айтты. Шеберлікті шыңдайтын сәттер және кәсіби этика жөнінде құнды пікірлер ортаға салынды. Қонақтар тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі пайдалы жауаптар берді. Сұрақ-жауап барысында жастардың белсенділігі, шығармашылық қызығушылығы мен болашақ мамандығына деген жауапкершілігі анық байқалды.
Кездесу аясында ерекше көзге түскен жүйелі әрі мағыналы сұрақ қойған белсенді студенттерге “Қазіргі заманғы қазақ романы” әдеби бірлестігінің атынан бір реттік шәкіртақы тағайындалып, 5 студент марапатталды. Бұл — студенттердің ізденісіне берілген әділ баға әрі шабыт сыйлаған қолдау болды.
Кеш соңында Арман Сқабылұлы өзінің “Әкем мен Жәкем” атты көркем туындысын факультет студенттеріне тарту етті.
Осындай кездесулер — болашақ қазақ медиасының ізін жалғайтын жас мамандар үшін кәсіби бағыт-бағдар, рухани демеу және шабыт көзі. Бұл — тек тәжірибе алмасу емес, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.
Басқа жаңалықтар


