1-курс студенттерін қабылдау кеші
2025 жылдың 10 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында дәстүрлі 1-курс студенттерін қабылдау кеші жоғары деңгейде өтті. Бұл маңызды іс-шараға Түркітану және тіл теориясы кафедрасынан барлық 1-курс студенттері, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ кафедраның аға эдвайзері мен 1-курс топ эдвайзерлері қатысты.
Кеш барысында университет тарапынан ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Студенттер жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Іс-шараға Жансейіт Түймебаев - ҚазҰУ ректоры және Саясат Нұрбек - Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі қатысып, студенттерге ыстық лебіздерін білдірді.
Ресми сөздер барысында университеттің халықаралық деңгейдегі жетістіктері, шетелдердегі филиалдары мен серіктестік байланыстары туралы айтылды. Сонымен қатар, болашақ ҚазҰУ қалашығының тұжырымдамасы таныстырылып, әсерлі видеоролик көрсетілді.
Бұл мерекелік кеш - студенттер үшін жоғары білім жолындағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі. Іс-шара олардың университет өміріне белсене араласуына, жаңа ортаға бейімделуіне және академиялық қауымдастық рухын сезінуіне мүмкіндік берді.
Студенттер кештен ұмытылмас әсер алып, университеттің бір бөлігі екендіктерін мақтанышпен атап өтті. Іс-шара университет пен студенттер арасындағы байланысты нығайтып, жаңа буынның рухани бірлігін арттырды.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері Аширкулов К.Б.; 1-курс эдвайзерлері Медетбекова П. Т., Утемгалиева Н.A., Набиева Г.C., Әділхан М.Қ., Ақжигитова A.Қ.