Студенттердің театрға баруы - рухани құндылықты қалыптастырудың маңызды қадамы
2025 жылдың 11 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және екі шет тілі мамандығының 1-курс студенттері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында өткен әсерлі мәдени іс-шараға топ эдвайзерлері Аширкулов К.Б. мен Ақжигитова А.Қ. жетекшілігімен барды.
Театрға бару университет пен кафедраның студенттер арасындағы мәдени танымды кеңейту және тәрбие жұмысын дамыту мақсатындағы іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Студенттер «Баянсыз бақ» спектаклін тамашалады. Қойылым отбасы құндылығы, ата-ананың қадірі және бауырлар арасындағы сыйластық төңірегінде өрбіді.
Пьеса көрермендерге терең ой салып, үлкен әсер қалдырды. Көптеген студенттердің көзіне жас келіп, қойылымның рухани әсерін ерекше сезінді. Бұл спектакль жастардың отбасылық құндылықтарға деген түсінігін тереңдетіп, өмірге деген көзқарасына оң ықпал етті.
Сонымен қатар, студенттер театрдың сахнасы мен ішкі кеңістігін, театр мұражайын аралап, мәдени ортаның тыныс-тіршілігімен жақыннан танысты. Театр өнеріне деген қызығушылықтары артып, рухани мәдениетке құрмет сезімі нығая түсті.
Мұндай мәдени іс-шаралар студенттердің рухани дамуына, мәдени дүниетанымын кеңейтуге және эстетикалық талғамын қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері Аширкулов К.Б. және 1-курс эдвайзері Ақжигитова А.Қ.