Қытайтану кафедрасының студенті халықаралық инновациялық жобаға қатыстыFarabi University

Қытайтану кафедрасының студенті халықаралық инновациялық жобаға қатысты

16 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қытайтану кафедрасының 3-курс студенті, Қытай Халық Республикасынан келген Жаң Чың Хао жазғы демалыс кезінде өз туған қаласы Сианда өткен студенттердің халықаралық инновация және кәсіпкерлік жобасына қатысты.

Іс-шара Сиан қаржы-экономика университетінде ұйымдастырылып, оның басты мақсаты — Чанъань мәдениетін дәріптеу, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің бай мәдени мұрасын Қытай жұртшылығына таныстыру болды. Жоба аясында Жібек жолының тарихи мұрасын заманауи ақпараттық технологиялармен ұштастырып, халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайту көзделді.

Жаң Чың Хао өз жобасында қытайлықтарға қазақ халқының қонақжай дәстүрін, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетістіктерін таныстырды. 2025 жылдың маусым айында студенттің командасы университетішілік кезеңде алтын жүлде иеленіп, Шэньси провинциясының іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Тамыз айында ҚХР Білім министрлігі ұйымдастырған аймақтық кезеңде команда қола жүлдені жеңіп алды. Жоба барысында көптеген қытай кәсіпкерлері, профессорлар мен жастар Қазақстан мәдениетімен және ҚазҰУ-дың білім беру жүйесімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстарды нығайтып, елдеріміздің арасындағы мәңгілік достықтың сенімді көпіріне айналады деп сенеміз.