Қытайтану кафедрасының студенті ШЫҰ Жас көшбасшылар жобасында тәжірибе жинадыFarabi University

Қытайтану кафедрасының студенті ШЫҰ Жас көшбасшылар жобасында тәжірибе жинады

16 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің 4-курс студенті Ермахан Сәкен 2025 жылдың 12 шілдесі мен 9 тамызы аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Жас көшбасшылар бағдарламасына қатысып, оқу бағдарламасын табысты аяқтады.

Бағдарлама Шанхай қалалық білім комитетінің қолдауымен және Шығыс Қытай педагогикалық университетінің  ұйымдастыруымен өтті. Жобаға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь елдерінен келген 50-ге жуық студент қатысты.

Оқу бағдарламасы барысында қатысушылар қытай тілін тереңдетіп оқумен қатар, қазіргі Қытайдың даму бағытын жан-жақты қамтитын бірқатар дәрістерге қатысты. Сабақтарда «Қытай экономикасындағы инновациялық серпін мен жасанды интеллект технологияларының ықпалы», «жасыл энергия мен экологиялық тұрақтылық саясаты», «Шанхайдың өңірлік экономикалық орталық ретіндегі маңызы» және «Қытайдың білім беру мен мәдени стратегияларының жаңғыруы» сияқты өзекті тақырыптар қарастырылды.

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде қатысушылар өз елдерінің мәдениетін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттер таныстырылымы» шарасына қатысты. Бұл күні Қазақстан делегациясы ұлттық дәстүр мен өнерді кеңінен насихаттап, қазақ мәдениетінің бай мұрасын көпшілікке таныстырды. Сәкен жетекшілік еткен топ қытай және ағылшын тілдерінде елдің тарихы, өнері мен ұлттық құндылықтары туралы әсерлі таныстырылым жасап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бағдарлама соңында студенттердің белсенділігі мен жетістіктері бағаланып, арнайы сертификаттар табысталды. Сәкен оқу барысындағы табысты көрсеткіштерімен және мәдени іс-шаралардағы белсенді қатысуымен ерекшеленіп, Қазақстан студенттерінің білімді әрі бастамашыл буыны екенін дәлелдеді.

Аға оқытушы Түргенбай Айнұр