Мектептердегі ашық диалог: ҚазҰУ экстремизмге ағартушылық арқылы қарсы тұруда

2025 жылдың 14–16 қазан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасы докторанттарының педагогикалық тәжірибе барысында Жетісу ауданының №181, №2, №3, №102 және №103 мектеп-гимназияларында ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар сериясын өткізді.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – оқушылардың сыни ойлау қабілетін, азаматтық жауапкершілігін және деструктивті идеологияларға төзімділігін қалыптастыру. Бұл бағыт қазіргі цифрлық кеңістік пен ақпараттық манипуляция жағдайында ерекше өзектілікке ие.
Ақпараттық-ағартушылық іс-шаралардың негізгі бағыттары:
- Бейнематериалдарды көрсету: әлеуметтік желілер мен онлайн-контенттің жастардың дүниетанымына әсері, радикалданудың жасырын түрлерін түсіндіру.
- Дінтану мамандығымен таныстыру: конфессияаралық диалогты нығайтудағы, қақтығыстардың алдын алудағы және қоғамның рухани дамуын қамтамасыз етудегі дінтанудың рөлін көрсету.
- Интерактивті формат: оқушылардың, мұғалімдердің және мектеп әкімшілігінің белсенді қатысуы, ашық диалог, сұрақтар мен пікірталастар.
Кафедраның студенттері мен докторанттары өткізген бұл іс-шаралар экстремизмнің алдын алуға ғана емес, сонымен қатар олардың педагогикалық қарым-қатынас, көпшілік алдында сөйлеу және талдау дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Ұйымдастырушылар: профессор Борбасова К.М. және «Мәдениеттану» мамандығының 1-курс докторанты Қайранбай Т.Ж.