Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Еуразиялық желі 2025» корей-қазақ форумы өттіFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Еуразиялық желі 2025» корей-қазақ форумы өтті

21 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының академиялық және іскерлік орта өкілдерін біріктірген халықаралық «Еуразиялық желі 2025» корей-қазақ форумы өтті. Форум екі ел арасындағы гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Іс-шараның ашылуы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасының профессоры Ли Бёнг Джоның модераторлығымен өтті. Қатысушыларға Еуразиялық желінің төрағасы И Саранг пен ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Эгамбердиев Мырзахан құттықтау сөз сөйледі.

Форум екі тақырыптық сессиядан тұрды: гуманитарлық және экономикалық бөлімдер.

Гуманитарлық сессияда қатысушылар Корея мен Қазақстан халықтарының тарихи-мәдени жақындығы, корей диаспорасының рөлі, рухани құндылықтар және еуразиялық бірегейліктің болашағы мәселелерін талқылады.

Екінші сессия экономикалық әріптестікті дамытуға арналды. Қатысушылар сауда, инвестиция, логистика, агроөнеркәсіптік ынтымақтастық және бірлескен білім беру бастамалары бойынша пікір алмасты. Әлеуетті жобалар таныстырылып, Корея мен Қазақстанның жетекші компанияларының өкілдері, халықаралық бизнес және академиялық орта сарапшылары баяндама жасады.

Форум қорытындысы бойынша тараптар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлік және мәдени дипломатия салаларында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді. Іс-шара тәжірибе алмасу мен іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берген маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде бағаланды.