2025 жылғы 14 қазанда №17 жатақханада Тұрақты даму мақсаты №14 – «Мұхиттар мен теңіздердің және теңіз ресурстарының сақталуы мен ұтымды пайдаланылуы» тақырыбына арналған кездесу өтті.
Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, студенттер еліміздің Каспий теңізі мен ішкі су айдындарының экологиялық жағдайы бізбен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Кездесу барысында ҚР Статистика комитетінің деректері келтірілді: соңғы жылдары елдегі су ресурстарының ластану деңгейі 12%-ға артқан, ал тазартылмаған ағынды сулардың көлемі жылына шамамен 600 млн м³ құрайды. Бұл мәліметтер жастардың су экожүйелерін сақтау мәселесіне деген қызығушылығын арттырды.
Студенттер өз ойларын белсенді білдірді: «Біз судың әр тамшысы алтын саналатын елде өмір сүріп жатырмыз. Егер бүгін қадірін білмесек, ертең кеш болады», – деді «6В02304 – Аударма ісі (батыс тілдері)» мамандығының студенті Ишембай Аяжан.
«Абай Құнанбайұлының “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген сөзі табиғатқа да қатысты – адамзатты сүю дегеніміз оның өмір сүру ортасын қорғау», – деп атап өтті «6В02305 – Қазақ филологиясы» мамандығының студенттері.
Қатысушылар сонымен қатар Евгений Евтушенконың өлеңінен үзінді келтіріп, адам мен табиғаттың байланысын ерекше атап өтті:
Берегите эти земли, эти воды
Даже малую былиночку любя.
Берегите всех зверей внутри природы,
Убивайте лишь зверей внутри себя!
Кездесу соңында студенттер Каспий өңірін қорғауға бағытталған экологиялық бастамалар мен жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Шара мазмұнды, танымдық сипатта өтіп, болашақ гуманитар мамандардың экологиялық жауапкершілігін және сыни ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етті.
2-курс студенттері «6В02304 – Аударма ісі (батыс тілдері)» мамандығы куратор-эдвайзері Моругова Е.А.
Басқа жаңалықтар