ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2025 жылдың 17 қазанында 4-ТДМ «Сапалы білім», 17-ТДМ «Тұрақты даму үшін серіктесік» мақсаттарына сәйкес Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы мен Жамбыл атындағы Филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Мәуленов Алмасбек Анықбекұлының мерейтойына арналған «Қазіргі гуманитарлық ғылымның өзекті мәселелері және түркітілдес халықтардың әдебиеті, фольклоры және мифологиясы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Жиынға шетелдік және отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Конференцияда қазіргі цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі фольклористика мен мифологияның өзекті мәселелері; ғалым-фольклорист және мифолог А.А. Мәуленовтің әдіснамалық және ғылыми-теориялық ізденістері; жоғары мектепте пәнаралық гуманитарлық білімді оқыту және қолдану т.б. мәселелер талқыға салынды.

Жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы кіріспе сөзімен ашып, жүргізіп отырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Д. Ысқақұлы, Өзбекстаннан арнайы келген Ә. Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Н. Назаров, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының филология ғылымдарының докторы Н. Ақыш бастаған бір топ ғалымдары: ф.ғ.д. Г. Орда, ф.ғ.к. П. Әуеспаева, Қырғызстандағы Манас академиясының президенті Азиз Бимырзаұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Таңжарық конференцияда көтерілген өзекті мәселелерге үн қосып, баяндама жасады. Жиынға Түркия, Болгария, Татарстан, Моңғолия, Башқұртсан ғалымдары онлайн қатысты.
Конференция аясында ғалым А. Мәуленовтің «Фольклор, миф, әдебиет» және «Фольклор и мифология в литературе тюркоязычных народов» монографияларының тұсауы кесілді. Пленарлық мәжіліс модераторы профессор Қ. Әбдезұлы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын оқып және республикамыздың беделді оқу орындарының ректорларының, факультеттер декандарының құттықтау папкаларымен таныстырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ардагері, профессор Ж. Түрікпенұлы, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Дәдебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ. Иса, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының профессоры, техника ғылымдарының докторы Ж. Алтынов, Халықаралық ақпараттандыру академиясының атқарушы директоры А.А. Стеблякова, Тұран академиясының вице-президенті, Тұран университетінің сыртқы байланыстар және докторантура жөніндегі проректоры, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Г.Ж. Таяуова, «Зерлеу және қолданбалы өнер» авторлық үйінің төрайымы А. Абдубаит, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Ш. Әмірбеков, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедасы меңгерушісінің м.а. Б. Баязитов т.б. құттықтау сөз сөйлеп, ғалымға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тіледі. Жиында сөз алған жазушы, қоғам қайраткері Н. Қапалбекұлы ғалым басқарып отырған Жамбыл атындағы Филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының нәтижелі жұмысына кеңінен тоқталды.
Тек ғалым ғана емес, ұлағатты ұстаз, түркітанушы, тұлғатанушы, әдебиет сыншысы А. Мәуленовтің мерейтойына арналған, әдебиеттану ғылымының қазіргі және келешек буынына үлгі боларлықтай ғибратты жиыннан қатысушылар ерекше әсерге бөленді.