ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ТАҒЫЛЫМЫ: ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ МАҢЫЗЫ
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – тұлғаның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін инклюзивті орта қалыптастыру. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы 2025 жылғы 22 қыркүйек – 4 қазан аралығында университет жанындағы Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты ұйымдастырған «Инклюзивті білім беру» атты 80 академиялық сағат көлеміндегі кәсіби даму курсына қатысты.
Аталған курс аясында заманауи білім беру кеңістігіндегі инклюзия қағидаттары мен модельдері жан-жақты қарастырылды. Тыңдаушылар Еуропа мен Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйелерінің салыстырмалы аспектілерін, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың оқу жетістіктерін педагогикалық тұрғыдан бақылаудың әдістемелік негіздерін және «Адасқан әріптер» әдісін тиімді пайдаланудың тәжірибелік жолдарын талқылады.
Курс барысында инклюзивті аудиторияда қолайлы психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық ахуал қалыптастырудың өзекті мәселелері, сондай-ақ педагогикалық бақылаудың негізгі функциялары мен міндеттері айқындалды. Атап айтқанда, тыңдаушылар:
- Инклюзивті ортада қарым-қатынас мәдениеті мен эмпатияны дамытудың маңызын;
- Тиімді тұлғааралық қатынастар орнату мен өзара түсіністік дағдыларын жетілдіру жолдарын;
- «Әр адам – қайталанбас тұлға. Оны тыңдап, түсінуге тырыс – бұл инклюзияның алғашқы қадамы» қағидасының мәнін терең ұғынды.
Инклюзивті білім беру – тек ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар қоғамның ізгіліктік құндылықтарын нығайту, әрбір адамның даралығын мойындау мәдениетін қалыптастыру үдерісі. Осы тұрғыдан алғанда, аталған курс оқытушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына, педагогикалық көзқарасын жаңғыртуға, инклюзивті құндылықтарды оқу-тәрбие үдерісіне енгізуіне зор ықпал етті.
Білім беру кеңістігінде инклюзия қағидаттарын терең түсініп, оларды тәжірибеге енгізу – келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына және қоғамның рухани кемелденуіне бастайтын маңызды қадам болып саналады.
А.Т.Қырқымбекова, А.Халел
Басқа жаңалықтар