«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АРАБ ТІЛІ АЙЫ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ
Бүгін, 22 қазан 2025 жыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Араб тілі айы» атты ауқымды халықаралық іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шара Сауд Арабиясы Корольдігі Король Салман халықаралық араб тілі академиясының бастамасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен жүзеге асты. Аталған шараның мақсаты — араб тілінің мәртебесін нығайту, оны үйренуге және таратуға жағдай жасау, сондай-ақ араб және қазақстандық ғылыми-білім беру орталықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту болып табылады. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараға ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Е. Дүйсенов пен Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының Бас хатшысы Абдулла әл-Уашми, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшілік өкілдері, Қазақстандағы араб тілі оқытылатын жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың оқытушы-ғалымдары, факультет декандары мен түлектері мен студенттері қатысты. Ашылу салтанаты барысында Араб тілі Академиясы өз бағдарламалары мен табысты жобалары таныстырылып, бұл шараның Қазақстандағы араб тілі мен мәдениетін кеңінен дамытуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталғандығы айтылды. Шара барысында «Араб тілі айы» аясында ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде ҚР ЖОО студенттері қатысуымен өткен байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Білім алушы жастар «Араб каллиграфиясы», «Араб поэзиясын мәнерлеп оқу» және «Араб сторителлингі» байқаулары бойынша сынға түскен болатын. Сонымен қатар, аталған шара аясында оқытушылар мен студенттерге тренингтер ұйымдастырылып, ТДМ 4 «Сапалы білім беру» мақсаттары да қамтылған. Ашылу салтанаты аяқталған соң, қазақстандық және шетелдік жетекші арабтанушылар бас қосқан ғылыми форум өз жұмысын бастады. Бұл форумда Қазақстандағы арабистика дамуының тарихы мен болашағы сөз болды. Алдағы уақытта екі ел арасындағы атқарылатын ортақ мәдени-білім беру байланыстарының ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік» аясында жаңа жобаларда тоғысатындығы айтылды.
