- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мемлекеттік Егемендік Декларациясына 35 жыл: Орталық мемлекеттік архивте тарихи құжаттар көрмесі өтті
Мемлекеттік Егемендік Декларациясына 35 жыл: Орталық мемлекеттік архивте тарихи құжаттар көрмесі өтті
Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік (ТДМ № 17)
2025 жылғы 20 қазанда Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануына 35 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архиві» РММ-де құнды түпнұсқа архив құжаттарынан көрме ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – Қазақстанның егемендікке жету жолындағы тарихи кезеңдерді түпнұсқа құжаттар арқылы таныстыру. Көрмеде еліміздің мемлекеттілігі мәселесі мен тәуелсіздікке дейінгі тарихи үдерістерін айғақтайтын түпнұсқа архив құжаттары ұсынылып, олардың ішінде ерекше тарихи маңызға ие – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының» түпнұсқасы көпшілік назарына ұсынылды. Шараға ғылыми қауым өкілдері, архив ісінің мамандары, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің студенттері қатысты.
Көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәбит Қамытбекұлы Шілдебай кіріспе сөз сөйлеп, Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының» қабылдануы мен оның мән-маңызына ерекше назар аударды. Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Ғаниқызы Жылысбаева Декларация түпнұсқасының архив сақтауына өту тарихы мен сақталу тәртібін жан-жақты баяндады.
Көрмені таныстыру жұмыстарын архив қызметкерлері К. Қабдуш пен Р. Әбілдос жүргізіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, ұсынылған құжаттардың тарихи мәні мен деректік құндылығына қатысты ақпараттарды ұсынды.
Шара қорытындысында қатысушылар архив ұжымына ұйымдастырылған көрме үшін ризашылығын білдіріп, келешекте де мазмұнды кездесулер мен тақырыптық көрмелерді өткізудің маңыздылығын атап өтті, бұл Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ №17) – Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік қағидаттарына сәйкес келеді.
Басқа жаңалықтар