Бейбітшілік эстафетасы – жастарға!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» атты Республикалық жастар антиядролық онлайн форумына қатысты.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының 25-жылдығына арналған іс-шара ақын, көрнекті қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының Президенті Олжас Сүлейменов, осы қозғалыстың белсенді мүшесі, суретші Қаріпбек Куюков, с.ғ.д., профессор Т.С.Сүлейменов және Республика бойынша 17 жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушыларын қамтыды.
Деректерге сүйенсек, полигонның 40 жылдық тарихында 459 жарылыс жасалған. 1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдың 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Кеңес Одағының алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені, бұл сынақ адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Сондай-ақ, Кеңес елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұнғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.
«Біз, қозғалыс мүшелері, бірде үлкен делегация болып Жапонияға бардық. Сол уақытта Хиросима қаласының орталық алаңында митинг болып жатты. Оған қатысқан 3 мыңға жуық адам бәрі тегіс жерде отырды. Бұл қарсылық көрсетудің бір түрі болар деп шештім. Сол сапар барысында ядролық жарылыстан зардап шеккендер қауымдастығының өкілі Қаріпбек Куюков баяндама оқыды. Сол баяндаманың соңында Қаріпбек бауырым: «Біздің қозғалыстың қарсылық белгісі ашық алақан. Мен, антиядролық қозғалысты екі қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Бірақ, менде ондай мүмкіндік жоқ» деген кезде, жиналған қауым түгелдей орнынан тұрып, қолдарын көтеріп Қаріпбекті қолдайтындарын жеткізді. Дәл қазір сол белгіні тағы бір қайталасақ», – деді. Сол сәтте Қазақстанның түрлі аймақтарындағы жастардың орындарынан тұрып, қолдарын көтергенін көргенде, еріксіз көзге жас ұялады. Осылайша, тілеулес жандардың арман-мұраты, мақсат-мүддесі бір арнада тоғысқанына куә болдық.
Форум барысында Семей ядролық полигонынан зардап шеккен балалар туралы қысқаметражды фильм де көрсетілді. Жарылыс себебінен зардап шеккендер жайында нақты статистикалық мәліметтер мен ҚР ядролық қауіпсіздік саласының ағымдағы жағдайы баяндалды. Жаппай жою қаруларын таратпаудың халықаралық режимін нығайту бойынша Қазақстан қызметінің нәтижелілігі, ядролық қауіпсіздік және ядролық қарусыздандыру саласындағы Қазақстанның ғаламдық жетекшілігін, Қазақстан имиджін халықаралық аренаға көтеру мәселелері талқыланды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева «Сынақ полигондарының жабылуынан тұрақты дамуға қарай» атты баяндамасында Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін атом энергиясын өндірудегі Отандық ғылымның әлеуетін баяндады. ҚазҰУ ғалымдары осы салаға үлкен қызығушылық танытып отыр және оны тиімді пайдалануда зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Форум соңында әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз ететін тыныштықтың, бейбітшіліктің эстафетасын енді жастарға сеніп тапсыратын уақыттың келіп жеткені айтылды.