Академиктің заманауи робототехника ғылымына қосқан үлесі
Жұмаділ Байғұншеков – техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Робототехника және мехатроника» ғылыми білім беру орталығының директоры. Халықаралық және Ресей инженерлер одағының В.Г.Шухов атындағы Алтын медалімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Парасат» орденімен марапатталған.
– Мен 1974-77 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде аспирантурада оқып, сол кездегі университет ректоры, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің ғылыми жетекшілігімен «Механизмдер және машиналар теориясы» мамандығы бойынша 1977 жылы кандидаттық диссертация, ал 1985 жылы докторлық диссертация қорғадым. Кандидаттық диссертациям жоғарғы класты механизмдердің аналитикалық кинематикасына арналса, докторлық диссертациям осы жоғарғы класты механизмдердің синтезі және олардың негізінде жаңа манипуляторларды жасауға арналған, – дейді Жұмаділ Жаңабайұлы. – Механизмдер және машиналар теориясы – қазіргі Индустрия 4.0 концепциясының алдыңғы қатарлы салаларының бірі – робототехниканың негізгі бөлімі. Себебі робототехника механиканың (машиналар механикасының), электрониканың және ақпараттық жүйелердің негізгі принциптерінің басын біріктіретін мехатроника ғылыми саласына жатады. Осындай заманауи робототехника және мехатроника ғылымдарының дамуына сәйкес, біздің Фараби университетінде «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми білім беру орталығы құрылып, 2017 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істейді. Орталық университетімізде «Робототехникалық жүйелер» мамандығының ашылуына үлес қосып, робототехника және мехатроника салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуде. Ғылыми зерттеулер параллель роботтар, RoboMech класты параллель манипуляторлар, гуманоид және жүретін роботтар бағыттары бойынша жүргізілуде.
Жұмаділ ағаның айтуынша, параллель роботтар тұйық кинематикалық тізбектерден тұрады. Сондықтан олардың қазір өндірісте қолданылып жүрген ашық кинематикалық тізбекті антропоморфты (қол тәрізді) роботтарға (мысалы, KUKA, PUMA роботтарына) қарағанда жүк көтергіштігі, позициялау дәлдігі және жылдамдығы жоғары. Орталықта үш тұйық кинематикалық тізбектен (немесе үш «аяқтан») құралған параллель роботтардың-триподтардың жаңа түрлері зерттелуде. Бұл триподтарды ауыр салмақты, позициялау дәлдігі жоғары қозғалыс симуляторлары, сынақ қондырғылары, медициналық протездер ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар орталықта параллель DELTA – робот негізінде аддитивті құрылысқа қажетті теңгеруші қондырғы және қатты отынды зымыран қозғалтқышының күш векторын басқару триподы зерттелуде.
– RoboMech класты параллель манипуляторларға роботтардың жұмыс істеу мүшелерінің берілген қозғалыстар жасайтын қасиетіне және механизмдердің жетекші буындарының қозғалыс заңдарының берілу қасиетіне иелі параллель манипуляторлар жатады. Сондықтан RoboMech класты параллель манипуляторлардың басқару жүйелері қарапайым, жылдамдықтары жоғары және оларды автоматты машиналарда қолдануға болады. Орталықта цилиндрлік координаталар жүйесінде жұмыс істейтін, екі жүгірткілі және екі жұмыс мүшелері бар RoboMech класты параллель манипуляторлар жасалып, зерттелуде. Бұл параллель манипуляторларды суық штамптау автоматты желісінде пайдалануға болады. Теориялық тұрғыдан қарайтын болсақ, академик Өмірбек Жолдасбеков ұстазымның осыдан жарты ғасыр бұрынғы жоғарғы класты механизмдерге арналған ғылыми бағдарламасы қазіргі кезеңде жаңадан дамып келе жатқан параллель роботтар мен манипулятордың бағдарламаларына ұштасып жатыр, – дейді академик. – RoboMech орталығында отандық қашықтан басқарылатын әлеуметтік «Ai-Gerim» гуманоид роботы және алты аяқты жүретін робот (гексапод) әзірленіп, зерттелуде. «Ai-Gerim» роботының 21 еркіндік дәрежесі бар. Оның басы мен тұлғасы параллель манипуляторлар – триподтар арқылы қозғалысқа келеді. Бұл табиғи адам тәрізді қозғалыстар мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Әлеуметтік «Ai-Gerim» гуманоид роботын физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарды (ФМШЖ) жұмыспен қамтуға жағдай жасауға пайдалануға болады. Бұл жағдайда ФМШЖ үйде отырып Wi-Fi байланысы арқылы «Ai-Gerim» роботын қашықтықтан басқарады. Ал «Ai-Gerim» роботы музейлерде, супермаркеттерде және басқа да қоғамдық орындарда гид, кеңесші, сатушы және т.б. функцияларды орындайды.
Бүгінде RoboMech орталығында ғылыми зерттеу жұмыстары және PhD докторларын даярлау халықаралық деңгейде жүргізілуде. Орталықтың Америка Құрама Штаттарының Лоуренс технологиялық университетімен (проф. Тарек Собх) және Бриджепорт университетімен (проф. Сарош Пател), Францияның Пуатье университетімен (проф. Мед Амин Лариби), Италияның Калабрия университетімен (проф. Джузеппе Карбоне), Қытайдың Шандон ғылым академиясымен (проф. Ли Циан) тығыз байланысы бар.
Жұмаділ Жаңабайұлы – механизмдер мен машиналар теориясы, мехатроника және робототехника саласындағы белгілі ғалым. Ол RoboMech класты параллель манипуляторлар саласында халықаралық деңгейде жаңа ғылыми бағдарлама қалыптастырды. Бұл оның заманауи робототехника ғылымына қосқан үлесі. Академик IFToMM-ның (Халықаралық машиналар және механизмдер теориясы федерациясының) «Робототехника және мехатроника» Техникалық комитетінің мүшесі. Дрезден техникалық университетінде (Дрезден қ., Германия, 1991 ж.), Мидлсекс университетінде (Лондон қ., Ұлыбритания, 1998-2000 жж.) Ноттингем техникалық университетінде (Ноттингем қ., Ұлыбритания, 2001 ж.) шақырылған профессор қызметін атқарды. 80-ге жуық дүниежүзілік және халықаралық конгрестерде, симпозиумдар мен конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады. 400-ден астам ғылыми жұмыстардың, 80 авторлық куәлік пен патенттердің авторы. Оның жетекшілігімен 10 докторлық, 20 кандидаттық және 3 PhD диссертациялар қорғалды.
Гүлнар
ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар