Климаттың өзгеруіне қарсы күресFarabi University

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес

21 қазан, 2025

2025 жылдың 21 қазанында №17 студенттер жатақханасында 6B02304 — «Аударма ісі» мамандығының 3-курс студенттерімен «ТДМ 13. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» тақырыбында іс-шара Р.А. Төреханованың ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты — оқушыларға климаттың өзгеруі тек экологиялық емес, әлеуметтік, экономикалық, тіпті адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін жаһандық мәселе екенін түсіндіру, сондай-ақ табиғатты қорғауға бағытталған жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

   Іс-шара барысында студенттер климаттың өзгеру себептерін — парниктік газдардың артуы, өндіріс көлемінің ұлғаюы, орман алқаптарының азаюы, тұтынушылық мәдениеттің шамадан тыс болуы сияқты факторларды талдады. Сонымен бірге, бұл құбылыстың адам денсаулығына, ауыл шаруашылығына, экожүйелерге және жалпы әлемдік қауіпсіздікке әсері нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

   Қазақстанның осы бағытта жүзеге асырып жатқан ұлттық бағдарламалары мен халықаралық бастамалар туралы да айтылды. Студенттер күнделікті өмірде жасай алатын қарапайым, бірақ маңызды қадамдарды анықтады: энергияны үнемдеу, қалдықтарды саралау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу, артық тұтынудан бас тарту секілді әрекеттердің жаһандық маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар, артық киім мен тұрмыстық заттарды қайта пайдалану және қалдықтарды арнайы пункттерге тапсыру — табиғатты қорғаудың ең қолжетімді тәсілдерінің бірі екені айтылды

    Студенттер талқылауға белсенді қатысып, өз ой-пікірлерін еркін жеткізді. Сабақ тек ақпарат берумен шектелмей, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікке нақты мотивация берді.