Экологиялық қауіпсіздік зертханасы
Экология мәселесі қай заманда да күн тәртібінен түскен емес. Өте өзекті тақырып. Жер-жаһанда соңғы жылдары климаттың өзгеруі, түрлі өнеркәсіптің ғарыштық жылдамдықпен дамуы, оның залалы қоршаған орта мен экологияға тиюі, нәтижесінде тұтас экожүйенің бұзылуы – адамзат алдында тұрған келелі түйін. Сондықтан әлем жұртшылығы, сан мың қауымдастық, мемлекет басшылары мен ғалымдар, өскелең ұрпақ – бәрі бұл проблемаға бейжай қарап отырған жоқ.
Тұрақты даму мақсаттарының да көздейтіні осы – қоршаған орта мен экологияға түзу көзқарас қалыптастыру. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары жаһандық проблемадан тыс қалып отырған жоқ, әлемдік экожүйенің бір бөлшегі ретінде экологиялық қауіпсіздікке елеулі үлес қосуда. Соның нақты көрінісі – география және табиғатты пайдалану факультеті жанынан құрылған экологиялық қауіпсіздік зертханасы. «Qazaq universiteti» газетінің оқырмандарына зертхана жетекшісі, география ғылымының докторы, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры Мәулкен Асқарова зертхана жұмысы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
ЗЕРТХАНАНЫҢ МАҚСАТ-МІНДЕТІ
Экологиялық қауіпсіздік зертханасының мақсаты – тұрақты даму контексінде Қазақстанның табиғи-шаруашылық жүйелерінің (ТШЖ) экологиялық жай-күйін кешенді зерделеу негізінде экологиялық қауіпсіздікті басқарудың ғылыми және қолданбалы аспектілерін әзірлеу. Осы мақсатта зертхана алдына мынадай міндеттер қойып отыр: ҚР табиғи-шаруашылық жүйелерінің экологиялық қауіпсіздігін басқару тұжырымдамасын әзірлеу; экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ақпараттық негізі ретінде Қазақстанда бар экологиялық сын-қатерлер мен қауіпті анықтау бойынша зерттеулер жүргізу; еліміздегі табиғи және антропогендік сипаттағы сын-қатерлер мен қауіптердің барлық түрлерінің жіктемесін әзірлеу; ҚР табиғи-шаруашылық жүйелеріндегі экологиялық қауіпсіздік деңгейлерін зерттеу және бағалау; ҚР табиғи-шаруашылық жүйелерінің экологиялық қауіпсіздігін басқару жөніндегі іс-шаралардың ғылыми негізделген кешенді жүйесін әзірлеу.
ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ
Мәулкен Асқарованың айтуынша, алға қойған міндеттерге сәйкес, екі блоктан тұратын экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы жасалды. Атап айтқанда мәліметтер базасы мен ақпарат және әрекет блогы құрылды. Бірінші блок негізінде ақпарат пен дерекқорды, зерттеу ауданын және олардың табиғи ортасының ерекшеліктерін сипаттау жұмысы қолға алынды. Сонымен бірге экологиялық сын-қатерлер мен қауіптерді анықтап, сәйкестендіру, одан кейін осының бәрін жүйелеу көзделді. Жаһандық қауіп-қатерлерге қатысты өңірлік аспектідегі климаттың өзгеруінің экологиялық қауіпсіздікке әсерін, өңірлік қауіп-қатер ішінен Жайық трансшекаралық өзенінің және оның салаларының экологиялық жай-күйін, өңірдің биоәртүрлілігін зерттейді. Жергілікті қауіп-қатер ретінде көмірсутек шикізатын өндіру орындары, атмосфералық ластану зерттеледі.
Профессор Мәулкен Асқарованың айтуынша, бірінші блок сондай-ақ құрамдас бөлікті, яғни табиғи ортаның компоненттері бойынша бағалау жұмыстарын қамтиды: оған атмосфералық орта бойынша ауа ортасының ластануы, гидросфералық орта бойынша өзендер мен су айдындарының ластануы және Батыс Қазақстан өңірінің жер ресурстары мен топырағының тозуы мен шөлейттенуін білдіретін литосфералық орта жатады. Сондай-ақ ластанудың жергілікті халықтың денсаулығына әсері де зерттеу нысанынан тыс қалмайды. Ғалым экологиялық қауіпсіздік деңгейін бағалау негізінде зерттелетін аймақ тұрғындары денсаулығының экологиялық тәуекелі картасын жасай алатындарын да айтты. Осыдан кейін төрт облыс және бүкіл Батыс Қазақстан өңірі бойынша экологиялық қауіпсіздік деңгейіне жалпы интегралдық баға беріледі.
Бір айта кететіні, экологиялық қауіпсіздікті құрамдас және интегралды бағалауды есептеу үшін авторлық әдістер, арнайы есептеу формулалары ұсынылады. Экологиялық қауіпсіздікті бағалауды есептеу үшін қажетті деректерді зертханаға (мегагрант бойынша) әріптестер ұсынады. Олар Батыс Қазақстан өңіріне қатысты зертханалардың далалық және эксперименттік жұмыстарының нәтижесінде ұсынады. Бізде зерттеу жұмысының модульдік принципі болғандықтан, әрбір зертхана консорциумдағы әріптестерінің жүргізген және алған деректеріне қандай да бір мәселені зерттеуге негізделуі керек.
Екінші блоктың қолданбалы аспектісі бар, яғни алгоритмге сәйкес, ғалымдар әзірлеген тұжырымдамалық схема табиғи апаттар немесе антропогендік жағдайларда табиғи ортаның өзгеруінің түрлі экологиялық жағдайындағы әрекеттерді қамтиды. Бұған баламаларды талдау, басқару шешімдерін таңдау, содан соң басқару шешімдерін енгізіп, бақылау жүргізу жұмысы жатады. Ғалымдар ұсынатын басқару іс-шаралары мынадай төрт экологиялық жағдайда пайдаланылуы мүмкін: табиғи фондық экологиялық жағдайда; фондық қауіпті экологиялық жағдай кезінде; төтенше экологиялық жағдайда; экстремалды экологиялық жағдайда.
Одан кейінгі кезең бақылау ісіне арналады. Бұл – басқару жүйелерінің өзара әрекеттесуін және олардың тиімділігін бақылауды үйлестіруге бағытталған іс-шараларды басқаруды қолдаудың кешенді жүйесі. Оған жоспарлау, ұйымдастыру және іс-әрекетті бақылау ісі кіреді. Сонымен бірге жұмыстың орындалуы да бақыланады.
Мәулкен Әкішқызының пайымынша, жұмыс маңызды экономикалық, экологиялық және әлеуметтік әсерге ие. Өйткені тұрақты даму олардың ретті үйлесімі болып саналады.
Экономикалық әсерге тұрақты экономикалық қызметті қамтамасыз ету, олардың деградациясы үшін ықтимал сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптерді жою немесе азайту мақсатында қолда бар ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.
Экологиялық әсер табиғи және техногендік сипаттағы экологиялық сын-қатерлер мен қауіптерді анықтау, жүйелеу және бағалаудан тұрады. Мұны түрлі экологиялық жағдайларда экологиялық қауіпсіздікті басқару бойынша іс-шараларды ұсыну деп түсінген жөн.
Әлеуметтік әсер экстремалды экологиялық жағдайлар кезінде экологиялық қауіпсіздікті басқару, тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам шығынының, материалдық залалдың, қоршаған ортаның тозуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар арқылы айқындалады.
Ғалымның пікірінше, осылайша қолайлы және таза тіршілік ету ортасын құра отырып, тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз. Ал табиғи ресурстар мен биоәртүрлілікті қорғауды қамтамасыз ету, техногендік апаттар мен өзге де апаттардан аулақ болу тұрақты даму мақсатына қол жеткізеді.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар