Балалар өз құқығын білуі тиісFarabi University

Балалар өз құқығын білуі тиіс

12 мамыр, 2025

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы №10 жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларымен Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафе­дра­сының оқытушылары «Ашық диалог» форматында кездесу өткізді. Іс-шараның тақырыбы – «Кәмелетке толма­ған­дарды аза­мат­тық-құқықтық қорғау».

Кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүддесін қор­ғау заңнаманың түрлі сала­ла­ры, соның ішінде өзіне тән салалық ерекшелігі, азаматтық сала арқылы реттеледі. Кез­де­суде оқушылар негізгі аза­мат­тық құқық және оның міндет­те­рімен танысты.

Кәмелетке толмағандарға қа­тысты белгілі бір жас шек­теу­лер бар. Он төрт жасқа тол­ған адам толық көлемде әрекет қабілеттілігіне ие емес, тек ішінара. Мысалы, олар мәмі­ле­ні өздері жасай алады, бірақ заң­ды өкілдерінің келісімімен. Со­нымен бірге олар өз табы­сын, өзге де табысын және өз­де­рі құрған зияткерлік меншік құқығының объектілеріне өз бетінше билік етуге, сондай-ақ ұсақ тұрмыстық мәмілелер жа­сау­ға құқылы. 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар өзінің даму деңгейіне байланысты әр­қашан өз әрекеттерінің ма­ңы­зын түсіне және түсіндіре алмайды. Сондықтан олардың атынан мәмілені заңды өкіл­де­рі жасайды. Егер мәміле, мы­са­лы, тұрғын үйдің иесі болып табылатын кәмелетке толмаған баланың мүддесін қозғайтын болса, онда қорғаншылық және қамқоршылық органының келісімі қажет. Кәмелетке тол­ма­ғанның мүліктік құқықтары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде де бекітілген. Он алты жасқа тол­ма­ған адам, егер ол еңбек шар­ты бойынша жұмыс істесе немесе оның заңды өкілінің келісімімен кәсіпкерлік қыз­мет­пен айналысса, кейбір жағ­дай­ларда толық қабілетті деп жа­риялануы мүмкін. Эманси­па­цияланған кәмелетке тол­ма­ған адам ҚР заңнамалық ак­ті­ле­рінде жас шегі бел­гілен­ген құқық пен міндетті қоспа­ған­да, барлық құқығы мен мін­детіне ие.

Бүгінгі таңда мектептерде қорқыту кеңінен таралды. Ол ба­лалардың үйден, мектептен қашуы мен суицидтің теріс статистикасымен байланысты болды. Оның негізгі себеп­те­рінің бірі – құрдастарымен оң қарым-қатынастың болмауына қатысты қорлау. ЮНЕСКО мә­ліметтері бойынша, бүкіл әлем­­дегі әрбір үшінші оқушы кем де­генде бір жыл бойы фи­зи­ка­лық зорлық-зомбы­лық­қа ұшы­ра­ғанын айтады. Ай са­йын әр­бір үшінші оқушыны қор­­­қы­­тады. Бұл құбылыс тек оқу үлгеріміне ғана емес, со­ны­мен қатар оқу­шылардың психи­ка­лық ден­сау­лығына да қатты әсер етеді.

Кездесуде қорқыту жағ­дай­ла­ры анықталған кезде мектеп әкімшілігіне хабарлау қажет екені айтылды. Өзара түсіністік болмаған жағдайда полицияға немесе сотқа жүгіну керек. Осыған байланысты кәмелетке толмаған «агрессорды» қыл­мыс­тық жауапкершілікке ғана емес, сонымен бірге құқық бұ­зу­шылыққа байланысты туын­дауы мүмкін азаматтық жа­уап­кершілікке де тартуға болады.

Кәмелетке толмаған құқық бұзушы сот шешімі бойынша азаматтық-құқықтық жауап­кер­­шілікке тартылады. Бұл де­геніміз – егер ол және оның заңды өкілдері жәбірленушіге келтірілген залалды өз еркімен өтеуден бас тартса, онда сотқа шағымдана алады. Азаматтық процесте бұлтартпау, ұстау ша­­ралары және өзге де мәж­бүр­леу шаралары көз­дел­ме­ген. Зардап шеккен кәмелетке тол­маған бала және оның заң­ды өкілі, егер мұндай мәлімет­тер­ді таратқан адам оның шын­дыққа сәйкес келетінін дә­лел­демесе, сотта ар-на­мы­сына, қадір-қасиетіне немесе іс­керлік беделіне нұқсан кел­ті­ретін мәліметтерді теріске шы­ға­руды талап етуге құқылы. Ба­ласы 14 жасқа келгенше ата-аналар кәмелетке толмағандар үшін зиянды өтейтінін есте ұс­таған жөн.

Жалпы, бұл іс-шара заң фа­культетінің оқытушыла­ры­мен жиі кездесуге ниет білдірген оқушылардың қызығушылығын тудырды. Айта кету керек, мұн­дай кездесулер заңға және оның орындалуына оң көз­қа­рас қалыптастырады, оқушы­лар­ды жағдайды құқық пен мо­раль тұрғысынан талдауға ын­та­ландырады. Құқықтық мә­де­ниет деңгейінің көтерілуінен балалардың құқықтық санасы, демек, өзін-өзі тануы артады.

Саида АСАНОВА,

PhD докторы, доцент м.а.

Архат АБИКЕНОВ,

з.ғ.к., доцент