Ата заң - мемлекет дамуының тірегі
Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес, ол – ел өмірінің өзегін құрайтын, қоғамның әрбір саласындағы қарым-қатынасты тәртіпке келтіретін, мемлекет пен азаматтың арақатынасын айқындайтын ең биік құқықтық мұрат. Ол халқымыздың бірлігі мен тұтастығының кепілі, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың берік негізі. Ол еліміздің тағдырын айқындап, бейбітшілік пен тұрақтылықты баянды етті. Дәл осы заң аясында Қазақстан өз егемендігін нығайтып, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды.
Ата Заң барша этностар мен дін өкілдеріне тең құқықтар беріп, бір-біріне құрметпен қарайтын толерантты әрі жарасымды қоғам құруға жол ашты. Бүгінгі қазақстандықтардың татулық пен түсіністікке негізделген өмір салты – осы конституциялық құндылықтардың жарқын көрінісі. Сонымен бірге, Конституция қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нақтылап, ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлт руханияты мен мәдениетінің дамуына берік тұғыр қалады.
Мемлекеттік биліктің үш тармағы – заң шығару, атқару және сот жүйесі – барша қызметін Конституция негізінде жүзеге асырады. Бұл қағидат еліміздегі билік құрылымдарының өзара теңгерімін сақтап, демократиялық институттардың дамуына кең өріс ашты. Соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалар мен конституциялық өзгерістер билік тармақтары арасындағы жауапкершілік пен өкілеттілікті айқын бөліп, азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне белсенді араласуына жол ашты. Сайлау жүйесінің жаңғыруы, партиялық тіркеу талаптарының жеңілдетілуі, жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерінің күшеюі – осының айқын дәлелі. Қоғамдық кеңестер мен азаматтық бастамалар институты жаңа серпін алып, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нығаюына мүмкіндік берді. Конституция – тек заңдық база ғана емес, ол ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын рухани бағдарға айналды. Оның нормалары экономикалық реформалардың бастауына серпін беріп, еркін кәсіпкерлік пен әділ бәсекенің дамуына жол ашты. Бүгінде шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның тұрақты құқықтық ортасы мен заң үстемдігі – сенімді кепіл болып отыр.
Нарықтық қатынастардың орнығуы, шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерінің кеңеюі, «жасыл» экономика мен шығармашылық индустрияларға басымдық беру – бәрі де Ата Заң айқындаған еркіндік пен жауапкершілік теңгерімінің нәтижесі. Сөйтіп, Конституция мемлекет пен қоғамға тек құқықтық бағдар ғана емес, ұзақ мерзімді өркендеу мен әділеттіліктің, тұрақтылық пен жаңғырудың стратегиялық картасын ұсынып келеді.
Сонымен қатар Ата заң еліміздің әлеуметтік дамуының өзегін айқындайтын басты құжат. Онда бекітілген нормалар білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында сапалы қызметке тең және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Әрбір азаматтың, әсіресе жас ұрпақтың, білім алып, жан-жақты дамуына, қабілетін ашып, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру – Ата Заңымыздың басты адамгершілік қағидаттарының бірі. Білім беру саласындағы жаңғыртулар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы онлайн оқыту жүйелерінің кеңеюі, ауылдық елді мекендерге интернет пен IT сыныптарының жетуі – осы конституциялық нормалардың іс жүзіндегі көрінісі. Сол сияқты медициналық қызметтің қолжетімді болуын көздейтін «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де – Конституция негізінде жүзеге асып жатқан бастамалар.
Мәдениет пен ғылымды дамыту бағытында да Конституцияда айқындалған мақсаттар нақты іс-шаралармен бекіп келеді. Мысалы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы төл мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрімізді сақтау мен жаңғырту жолында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» гранттары мен ғылыми-инновациялық жобаларды қаржыландыру жүйесі де елдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтуге қызмет етуде.
Бүгінде Қазақстан жаңа тарихи дәуірдің белесінде тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси жаңғырулар – Конституцияны заманауи қоғам талаптарына бейімдеу жолындағы маңызды қадамдар. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жүйенің ашықтығын, тиімділігін және халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Конституциялық реформа аясында жергілікті өзін-өзі басқару институттары дамып, әкімдер сайлауы енгізілді, азаматтардың саяси белсенділігі артып, қоғамдық бақылау мен жауапкершілік механизмі күшейе түсті. Осылайша Ата заң қоғамның серпінді дамуына бейімделіп отыратын, ел тағдырымен үндес тірі механизм екенін айқын дәлелдеп келеді. Ол уақыт талабына сай түрленіп, демократиялық құндылықтарды тереңдете отырып, мемлекеттің мызғымас тірегіне айналды. Бүгінгі Қазақстан – өз азаматтарының құқығы қорғалған, пікірі ескерілген, болашағы айқын құқықтық мемлекет. Мұның бәрі – Ата Заңымыздың өміршеңдігін және оның шынайы ұлттық игілікке айналғанын көрсетеді.
Сөйтіп, өткен отыз жыл ішінде ҚР Конституциясы қоғамның барлық саласында тұрақтылық пен өркендеудің берік тұғырына айналды. Ол – халықтың бірлігін, мемлекетіміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін ең басты құндылық. Ата Заңды құрметтеу – әрбір қазақстандықтың борышы ғана емес, болашаққа деген сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Оны ардақтап, қадірлеу – мемлекетіміздің кемел келешегі мен өскелең ұрпақтың жарқын өміріне жол ашатын қасиетті борыш.
Ақылбек ИСАБЕКОВ,
доцент, з.ғ.к., Ұлттық заң академиясының академигі
Еркеназ БАЗАРТАЕВА,
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының
оқытушысы
Басқа жаңалықтар