ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ: ТІЛ, ӘДІСТЕМЕ, ТӘЖІРИБЕ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы арабтану бөлімі 2025 жылдың 20-24 қазаны аралығында Сауд Аравиясы Король Салман Халықаралық араб тілі академиясымен (King Salman Global Academy for Arabic Language) бірлесіп «Араб тілін (екінші тіл ретінде) үйренушілерге арналған тесттерді әзірлеудің негізгі қағидаттары» атты семинар-тренинг өткізді.
Семинар-тренингтің мақсаты – мамандарға араб тілін үйретуде дәстүрлі әдістердің тиімді жақтарымен қатар, инновациялық технологияларды қолдануға, сол арқылы әр студенттің қабілетіне қарай интеллектуалдық дарындылығын, талантын, жеке қабілетін дамытуға, педагогикалық құзыреттерін, кәсіби біліктіліктерін арттыруға бағытталған.
Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы (Сауд Арабиясы Корольдігі, әр-Рияд) араб тілінің мәртебесін әлемдік деңгейге көтеру мақсатында 2020 жылдың 1-қыркүйегінде Сауд Арабиясы Мәдениет министрлігінің шешімімен құрылған. Академияның басты мақсаты — «Saudi Vision 2030» Даму бағдарламасының адами ресурстарды дамыту тармағы аясында жұмыс жасай отырып, араб тілінің, мәдениетінің және ғылымының ірі орталығына айналу.
Король Салман Халықаралық араб тілі академиясының Бас хатшысы профессор Абдулла бин Салих әл-Уашми бастаған делегация құрамында академияның Білім беру бағдарламалары секторының басшысы Саад әл-Қахтани, Бағдарламалар мен орталықтарды жоспарлау бөлімінің директоры Ханан әл-Малики, Маркетинг және корпоративтік коммуникациялар басқармасының директоры Абдурахман әл-Умари және коуч-тренерлер Али әл-Фейфи, Мухаммед әл-Жиһни болды.
Семинар-тренинге шығыстану факультеті арабтану бөлімінің оқытушы-профессорлары, магистранттары, докторанттары, сондай-ақ, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Абылайхан атындағы Әлем тілдері және Халықаралық қатынастар университеті, Абай атындағы педагогикалық университеті және арабтанушы мамандарды дайындайтын өзге де білім беру мекемелерінің 30 ға жуық оқытушысы қатысты. 24 академиялық сағатты қамтыған семинар-тренинг қатысушыларына Король Салман халықаралық араб тілі академиясының халықаралық үлгідегі сертификаты табыс етілді.
