« Дін саласының өзекті мәселелері бойынша үздік материалдар» шығармашылық байқауыFarabi University

« Дін саласының өзекті мәселелері бойынша үздік материалдар» шығармашылық байқауы

29 қазан, 2025

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жылдың ақпан–қазан айлары аралығында дін саласындағы өзекті мәселелерді ақпараттық тұрғыда түсіндіруге бағытталған « Дін саласының өзекті мәселелері бойынша үздік материалдар» шығармашылық байқауы өткізілді. Іс-шара қоғамға дұрыс діни ақпарат тарату, соның ішінде деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған контент дайындауды қолдауды мақсат етті.

Байқауға Алматы қаласының тұрғындары, жоғары оқу орындарының студенттері, жастар ұйымдары мен медиа саласында белсенді шығармашыл тұлғалар қатысты. Қатысушылар бірнеше номинация бойынша сынға түсті. Олардың дайындаған материалдары мазмұндылығы, аудиторияны қамту деңгейі және әлеуметтік маңыздылығымен бағаланды.

Осы байқауда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының Дінтану мамандығының 4-курс студенттері — Тоқай Айым, Мырас Біржан және Қанжарбек Ернар
«Instagram әлеуметтік желісіндегі үздік бейнеролик» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Осы номинация бойынша жеңімпаздар 600 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Жеңімпаздардың бейнематериалы Ислам дініндегі деструктивті ағымдарға қарсы тұру, қоғамды діни сауаттылыққа шақыру және жастар арасында радикалды идеялардың алдын алу мақсатында түсірілген.

Студенттердің ғылыми-әдістемелік және шығармашылық жұмысын үйлестіріп, жетекшілік жасаған — PhD, доцент м.а. Мұқан Нұрзат.

Байқаудың қорытынды марапаттау рәсімі 2025 жылдың 29 қазанында өтті.

Аталған жетістік жас дінтанушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға және дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруға өз үлесін қосады.

Осы байқауды ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысымызды білдіреміз және Дінтану және мәдениеттану кафедрасына және оқытушыларына осы іс-шараға қатысуға атсалысқандарыңызға алғыс білдіреміз! Бұл байқау алдағы жылы да және одан кейін жалғасын таба бермек, баршаңызды келер жылы осы байқауға қатысуға шақырамыз!