27 қазан 2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасының қауымдастырылған профессор, заң ғылымдарының кандидаты, “Ел тұтқа” пікірталас клубының жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың ұйымдастыруымен «Құқықтану» білім беру бағдарламасындағы 205 топ студенттері Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ескерткішіне барып, өмірбаянымен танысты.
Сапар барысында студенттер Шоқан Уәлихановтың өмір жолымен, ғылыми зерттеулерімен және ағартушылық қызметімен кеңінен танысты. Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының көрнекті ғалымы, этнографы, тарихшысы және ағартушысы. Ол 1835 жылы дүниеге келіп, қысқа ғұмырында қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және әдебиетін терең зерттеді. Оның «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Абылай» атты еңбектері қазақ қоғамының мәдени және рухани дамуына зор үлес қосты.
Іс-шара барысында студенттер ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ел тарихындағы орны мен ғылыми мұрасының маңыздылығы туралы пікір алмасты. Шоқанның білім мен ғылымға деген ұмтылысы, әділдік пен адамгершілікке негізделген көзқарасы жастарға үлгі ретінде айтылды.
Студенттер бұл іс-шара арқылы Шоқан Уәлихановтың өмірлік ұстанымдарын, білім мен ғылымға деген сүйіспеншілігін терең ұғынып, сапалы білім мен рухани байлықтың қоғам дамуы үшін маңыздылығын түсінді.
Бұл іс-шара студенттердің тарихи тұлғаларға деген құрметін арттырып, ұлттық рух пен білімнің құндылығын сезінуге мүмкіндік берді.