Жарыққа жол – білім мен руханият әлемінде: ашық есік күні
2025 жылдың 28-29 қазан күндері «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ жыл сайынғы дәстүрлі шара «Ашық есік» күндерін өткізді.
«Ашық есік күні» шарасына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Асанова Баян Сүлейменқызының жетекшілігімен «6В03205, 7М03206 – Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 1,2,3 курс студенттері және магистранттары қатысты.
Мақсат: Білім алушыларды зағип және нашар көретін азаматтардың өмірімен, еңбегімен және олардың рухани әлемімен таныстырып, кітапхананың әлеуметтік маңызы зор қызметін насихаттап, мамандықтың кәсіби дағдыларын жетілдірумен тәжірибе алмасу.
«Ашық есік» күні аясында қоғам назарын ерекше жандардың өміріне, еңбегіне және рухани әлеміне аударуға бағытталған мазмұнды іс-шаралар бағдарламалары ұйымдастырылған.
Бірінші бағдарлама – «Ерекше жандарға ерекше кітаптар» көрмесі. Көрмеде Брайль қарпімен басылған және дыбысталған кітаптар топтамасы ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері білім алушыларға арнайы құрылғылардың жұмысын көрсетіп, зағип жандардың кітап оқу процесін таныстырды. Әрбір кітаптың артында үлкен еңбек, төзім мен сүйіспеншілік жатқанын байқаған студенттер ерекше толқыныс сезінді. Бұл көрме студенттерге кітап оқудың басқа қырын – рухпен сезініп, жүрекпен қабылдауды үйретті.
Екінші бағдарлама – «Махаббат – жанарымен емес, жүрегімен сезілетін қасиет» көрмесі. Бұл көрме зағип жандардың махаббат пен өмір туралы терең ойларын, ішкі сезім әлемін бейнелейтін рухани көріністерге толы болды. Мұнда ерекше тағдыр иелерінің шығармалары, қолөнер бұйымдары мен фотоэкспозициялар қойылды. Студенттер үшін бұл көрме адам жанының сұлулығын, мейірім мен түсіністіктің шынайы мәнін сезінуге мүмкіндік берді.
Үшінші бағдарлама: «Ерекше жандарға ерекше кітаптар» және «ҚР тарихи және мәдени ескерткіштері» атты тактильді кітаптар көрмесі ұсынылды.
Төртінші бағдарлама: Ө. Жәнібековтің «Майдан мәдениеті» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жазушының құрметіне ұрпақтары әсерлі әңгімелерімен, мұрағаттарымен бөлісіп, кітапхана оқырмандары өз өнерлерімен оқырмандарға ерекше әсер сыйлады.
Бесінші бағдарлама:Жайпақ баспа қаріптегі мәтінді Брайль қарпіне аудару және аудиокітаптарды
редакциялау, басып шығару процесі таныстырылып, экскурсия жүргізілді.
Алтыншы бағдарлама: Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің қызметкерлері
оңалту кабинетінің жұмысын таныстырып, ерекше форматтағы «Саусақ ұшындағы әлем» іскерлік ойынын өткізді.
Іс-шара соңында студенттер мен магистранттар кітапхана қызметкерлерімен еркін әңгімелесіп, ерекше жандардың өмірлік ұстанымдары мен табандылығына тәнті болды. Бұл күн қатысушылардың жүрегінде ізгілік пен рухани байлықтың мәнін ұғындырған әсерлі сәт болып есте қалды.
Қоғам назарын ерекше жандардың өміріне, еңбегіне және рухани әлеміне аударуға бағытталған «Ашық есік» күні аясында бірнеше бағытта өткізілген шараларға қатысқан студенттер мен магистранттар мол әсер алды.