Ғылым мен білім – әділ Қазақстанды қалыптастырудың негізгі тірегі
31 қазанда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, шетелдік серіктес университеттердің басшылары, халықаралық аккредитациялық және рейтингтік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық корпус қатысты.
Форум барысында Президент білім мен ғылымның шекараға бағынбайтын, бүкіл әлем үшін ортақ стратегиялық маңызы бар сала екенін атап өтті. Ол Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «күшті университеттер – болашақтың негізін қалайтын орта, мұнда жаңа идеялар туады, тосқауылдар жеңіледі және әділетті әрі үйлесімді әлем қалыптасады».
Бұл форум жаһандық білім мен ғылымның даму бағыты туралы терең талқылаулар жүргізілетін маңызды пікір алаңы ретінде бағаланды.
Саясат Нұрбек ұлттық және халықаралық білім беру жүйесін жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты. Жоспар бойынша елімізде 40 шетелдік университеттің филиалы ашылады. Олардың басым бөлігі жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инженерия секілді жоғары технологиялық бағыттарға бейімделмек.
QS рейтингінің негізін қалаушы және президенті Нунцио Квакварелли Қазақстанның жоғары білім саласында айтарлықтай алға жылжығанын атап өтті. Оның пікірінше, QS және Times Higher Education рейтингтеріне еніп жатқан қазақстандық университеттердің көбеюі елдің ғылыми әлеуетінің және халықаралық танымалдығының арта түскенін көрсетеді.
Біз де өз университетіміздің дамуын жалғастырып, стратегиялық әріптестікті күшейтіп, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын сапалы білім беру кеңістігін құруға ұмтыламыз. Біздің мақсат – ғылым мен білімге сүйене отырып, әділ, қауіпсіз және қуатты Қазақстанды бірге қалыптастыру.
Мақала авторлары: практика жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Балтымова М.Р., отандық жетекші – философия ғылымдарының докторы, дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті Жолдубаева А.К., мәдениеттану мамандығының 2-курс докторанты Тұрсынбаева Қ.А.