- Басты бет
- Жаңалықтар
- Түркітану және тіл теориясы кафедрасы ТДМ 17: Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы әріптестік
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы ТДМ 17: Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы әріптестік
Самарқанд мемлекеттік университеті өкілдері ҚазҰУ-дың Түркітану және тіл теориясы кафедрасында. 2025 жылдың 4–5 қараша күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасында Өзбекстан Республикасының Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті Ургут филиалының оқытушылар құрамы ресми сапармен болды.

Кездесудің негізгі мақсаты – екі оқу ордасы арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру болды. Қонақтар қатарында Ургут филиалының жастар ісі жөніндегі проректоры Яздонов Зикирилло Шукриллойевич, факультет деканы Омонов Шерзод, сондай-ақ тіл және әдебиет кафедрасының профессоры Бабакулов Исмоил мырзалар болды.

Сапар барысында профессорлар мен кафедра ұжымы студенттерге арналған көшбасшылық дәрісін оқып, жастардың кәсіби және тұлғалық дамуы жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Дәріс барысында студенттер түркі халықтарының рухани және мәдени тұтастығы, тіл мен әдебиеттің интеграциялық рөлі туралы өзекті сұрақтар қойып, мазмұнды пікірталас өткізді.

Кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызы меймандармен екіжақты әріптестік аясында ғылыми зерттеу жобаларын жүзеге асыру, бірлескен мақалалар мен ғылыми жинақтар жариялау, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар алдағы уақытта Өзбекстан тарапының оқытушылары мен студенттері үшін біліктілікті арттыру және тәжірибеден өту бағдарламаларын ұйымдастыру, сондай-ақ ҚазҰУ-дың түркітанушы ғалымдарын Ургут филиалына қонақ дәріс оқуға шақыру туралы уағдаласты.
Бұл кездесу – қазақ және өзбек ғылым ордалары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа белесін айқындаған маңызды қадам болды. Кафедра ұжымы мұндай байланыстардың түркі әлеміндегі ғылыми және мәдени интеграцияны нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы меңгерушісінің орынбасарлары Серікқазы Ақбота, Нургуль Ахметхановна, кафедраның аға эдвайзері Аширкулов К.Б..
Басқа жаңалықтар