Түлектерді жұмыспен қамту мәселесі талқыланды
Жыл сайын ҚазҰУ-да «мұрағаттану, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған жастарды жұмыспен қамту мақсатында игі істер қолға алынады. Осыған орай, тарих, археология және этнология факультеті жуырда ҚР Президенті архивінің қызметкерлері қатысуымен ғылыми семинар өткізді. Оған кафедра меңгерушілері мен оқытушылары, магистранттар және студенттер қатысты.
Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен өткен семинарға аталмыш мамандық бойынша халықаралық аккредитация, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі арқау болды. Шара факультет деканы Арман Қабдешұлының алғысөзімен ашылды.
Семинар барысында ҚР Президент архиві директорының орынбасары Қайрат Шәкәрімұлы және әкімшілік департаменті басқарма басшысы Гузел Каримова оқытушылар мен студент жастардың көкейде жүрген сауалдарына жауап берумен қатар, ұсыныстарын да ортаға салды.
«Жалпы өзім осы факультеттің түлегімін. Осындай семинар ұйымдастырып тұру өте орынды. Қазіргі ҚР Президенті архиві бұрын мұрағат деп аталған. Бұл 1994 жылы құрылған мекеме. Мұрағат қоры 1300-ден асады, қазір 800 мыңнан астам сақталған қор бар. Біздің келіп отырғанымыздың өзі кездейсоқ емес деп ойлаймын. 2 жыл бұрын архив директоры мен ҚазҰУ ректорының арасында келісімшартқа қол қойылған болатын. Ол бойынша қандай жұмыс жүргізілетіндігі, мұрағаттың және университеттің екі жақтан қандай мүмкіндіктері бары қарастырылған. Біз осы жылы келісімшартты іске асыру барысында ортақтасып, шараларды жүзеге асырамыз. 8 сәуірде олимпиада өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы мұрағат саласына мамандарды университет өзі дайындайды, сол жас мамандар бізге келіп жұмыс істейді», – деді ҚР Президент архиві директорының орынбасары Қайрат Шәкәрімұлы.
Әкімшілік департаменті басқарма басшысы Гузел Каримова алдағы уақытта магистрант және бакалавр студенттерінің қатысуымен өтетін олимпиада, конкурс талаптарын атап өтті. Сонымен қатар, семинар барысында оқытушылар тарапынан осындай шара мектептерде де өтсе деген ұсыныстар айтылды. Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Қаныш Омарұлының айтуынша, барлығына жаңаша қарау керек. «Біз ҚазҰУ әрдайым осы деңгейдеміз, архив жұмыстарын да белсенділікпен жүргізу керек. Елімізде ғана емес, әлемдік деңгейге ұмтылу маңызды», – деп. Жоғары сапаға көтеру мәселесін айтып өтті. Ал, профессор Талас Омарбекұлы жақсы бастама екендігін айта отырып, архивтің мемлекеттік құпия құжаттармен байланысы көп екендігін, сондықтан студенттерді тәжірибеден өткізудің, дұрыс бағыт берудің қажеттілігіне назар аударды.
Шара соңында екі жақ алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеп, қазіргі заман талабына сай, жан-жақты бәсекеге қабілетті маман дайындауға күш саламыз деген шешіммен тарқасты.