- Басты бет
- Жаңалықтар
- Тең әріптестер диалогы: Орталық Азияның дипломатиялық тілі қалай өзгеріп келеді
Тең әріптестер диалогы: Орталық Азияның дипломатиялық тілі қалай өзгеріп келеді
Бір қарағанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен Ақ үйдегі кездесуі үйреншікті дипломатиялық логикаға сай келеді. Кездесуде стратегиялық серіктестік туралы рәсімдік тұжырымдар, өзара қолдау жөніндегі дәстүрлі мәлімдемелер, сыпайы комплименттер айтылды. Соңында келісімдерге қол қойылды.
Мұндай жағдай, әдетте, бар жағдайды символдық түрде растау ретінде қызмет етеді. Көп жағдайда ірі державалар өз көшбасшылығын дәлелдеп, ал шағын мемлекеттер өз адалдығын көрсетеді. Нәтижесінде ту алдында түскен фотосуреттер мен қысқа ресми хабарламалар жарық көреді. Алайда ресми хабарламалардың егжей-тегжейінен-ақ мағыналық орталықтың ығысуы байқалды.
Тоқаев америкалық көшбасшыға “реформаларды қолдағаны” немесе “аймақтық қауіпсіздік үшін жасаған еңбегі” үшін емес, рационализм мен парасатты ойды бағалап, алғысын білдірді (Президенттің айтуынша, Трамп “әлемдік саясатқа ақыл мен парасаттылықты қайта әкелуде”). Алғаш қарағанда, мұндай тұжырым дәстүрлі дипломатиялық этикеттен тыс көрінеді. Ол жоғарыдан төмен емес, тең бақылаушының ұстанымынан айтылады. Яғни ол сол құндылықтарды бөлісе отырып, өзге геосаяси ортада әрекет етеді. Тілдің осындай бұрылуы – яғни өтініштен мойындауға көшу – диалог геометриясын түбегейлі өзгертеді.
Соған қарамастан, басқаша түсіндіру де мүмкін. Мысалы, Ресей сарапшыларының біразы бұл сөздерді “шығыстық шешендіктің” көрінісі деп бағалады. Көрініп тұрғандай, ол Вашингтонмен прагматикалық қатынастарды нығайтуға бағытталған. Олардың ойынша, комплименттердің астарында теңдік емес, өте сақ ойын тұр. Басқаша айтқанда, бұл санкциялардан қашу және күш орталықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау ниеті ретінде қабылданды.
Мұндай интерпретация ескі парадигманы қолдайды: шағын мемлекеттер ұлы державалар арасында маневр жасауға мәжбүр, ал риториканы – тіршілік ету құралы ретінде пайдаланады. Дәл осы тұста екі мағыналық сызықтың күресі байқалады. Біріншісі – консервативті, ол бұл сапарды дипломатиялық иерархияның жалғасы деп көреді: Қазақстан бұл тұрғыда реактивті әрекет етеді. Екіншісі – әлі толық ашылмаған жаңа логиканы көрсетеді: мұнда идеологияға емес, инфрақұрылым мен өзара пайдаға сүйенген прагматизм мен технологиялық көзқарас бар.
Бір жағынан “әдепті реализмнің” ескі түрі бар, ал екінші жағынан – “асимметриялық тең дипломатияның” жаңа үлгісі. Онда комплимент тілі келіссөз тіліне айналады. Тек мәтін соңында минералдар, Орта дәліз және 17 миллиард долларлық инвестициялар туралы айтылғанда ғана сыртқы сыпайылықтың астында басқа мазмұн жатқанын көруге болады. Президент Тоқаевтың сөзін талдау нәтижесінде символдық тәуелділіктен инфрақұрылымдық дербестікке көшу байқалады.
Қол қойылған 17 миллиард долларлық келісімдер әскери жеткізілімдерге, гуманитарлық бағдарламаларға немесе саяси кеңестерге емес, инфрақұрылымдық және ресурстық жобаларға қатысты болды. Мұндай екпін АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты қатынастарда сирек кездеседі, себебі дәстүрлі түрде демократия, қауіпсіздік немесе тар мағынадағы энергетика мәселелері басым. Бұл жолы әңгіме экономикалық-технологиялық өзара іс-қимыл туралы болды –минералдардан транзиттік бағыттарға дейін.
Әсіресе сыни минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның Тоқаевтың қатысуымен қол қойылуы назар аударарлық. Құжат Қазақстанды америкалық технологиялардың алушысы емес, сирек кездесетін ресурстар мен құзыреттердің жеткізушісі ретінде бекітеді. Әлемдік үрдістер көрсеткендей, мұндай ресурстар жаһандық өндірістік тізбектер үшін қажет.
“Технологиялық әлемнің ресурстық доноры” ретіндегі ұстаным посткеңестік тәуелділіктің үйреншікті сызбасынан шығып, өзара әрекеттесудің жаңа архитектурасын қалыптастыра бастайды. Енді бастама тек Вашингтоннан емес, өзге бағыттардан да туындайды.
Тағы бір маңызды жайт – Тоқаевтың күн тәртібіне TRIPP – “Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған бағытын” енгізуі және оны Орта дәліздің дамуымен байланыстыруы. Мұндай сәйкестік – орталықазиялық көшбасшының ұлттық жобаны ұлы державаның жаһандық стратегиясына кіріктірген сирек жағдайы. Бұл қосымша емес, логистикалық өзек. Көптеген сарапшылардың пікірінше, онсыз бұл стратегия толық болмай қалады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Президент Трамп – саясатқа парасаттылықты қайта әкелу үшін жоғарыдан жіберілген ұлы көшбасшы” деген сөзі кең ауқымды реакция туғызды. Бұл енді өтініш емес, құндылық тілі екенін түсіну маңызды. Мұнда дипломатиялық этикет прагматикалық эмоциялық формаға айналады: Тоқаев иерархияны бұзбай, теңдік туралы айту тәсілін көрсетеді.
Аналитикалық көзқарас қайтадан бастауға – Ақ үй кадрларына, сөздер мен диалогтарға – оралғанда, бұл кездесудің әдеттегі дипломатиялық күнтізбе оқиғасы болмағанын байқауға болады. Рәсімдік күлкілердің ар жағынан басқа мағына сезілді: күш көрсету емес, пісіп-жетілгендіктің сыналуы.
Бұл диалогта Қазақстан өтініш иесі де, шәкірт те болған жоқ. Президент Тоқаевтың жүріс-тұрысынан оның ұлы державалармен тең дәрежеде сөйлесуге қабілетті әріптес екенін көруге болады. Ол өз ойлау стилін сақтап қалды: ұстамды, қисынды, артық эмоциясыз, бірақ ішкі қадір-қасиетпен.
Сырт көзге бәрі дәстүрлі көрінді: өзара алғыстар, келісімдерге қол қою, тұрақтылық пен өркендеу туралы ортақ мәлімдемелер. Бірақ астарына үңілсеңіз, бұл тек жаңа келісімдер туралы емес екені анық. Мұнда прагматизм моральдық санатқа айналған, ал эмоциялық тон симметриялы қатынастарды құру құралына айналған жаңа дипломатиялық ойлау түрі қалыптасты.
Сондықтан “жоғарыдан жіберілген ұлы көшбасшы” деген тіркес мақтау болудан қалады. Ол рационалдылыққа деген құрметтің коды ретінде көрінеді және ол екі көшбасшыға да ортақ болды.
Бүгінгі БАҚ материалдары көрсеткендей, Трамп енді күш символы ретінде емес, прагматикалық философияның иесі ретінде қабылданады. Қазақстан да осыған ұқсас прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясатқа интуитивті түрде ұмтылуда. Осыдан теңдік формасы туады.
Сөйтіп, Ақ үйдегі кездесу американдық үстемдіктің иерархиялық логикасының жалғасы емес, жаңа үлгінің көрінісі болды. Бұл – өзара прагматизм моделі, онда риторика, экономика және символика саяси кемелділіктің біртұтас тіліне бірігеді.
Қазақстан енді біреудің ықпал орбитасында емес, өз координаттар жүйесінің орталығында тұр.
Автор / Author:
Малтабаров Арсен Аскарұлы (Arsen Askaruly Maltabarov)
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының оқытушысы,
Халықаралық қатынастар факультеті,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Фото: https://www.akorda.kz

Басқа жаңалықтар