- Басты бет
- Жаңалықтар
- Семей қаласында ТДМ 4 аясында «Шығысты оқы, таңырқа!» кәсіби бағдар беру дәрісі өтті
Семей қаласында ТДМ 4 аясында «Шығысты оқы, таңырқа!» кәсіби бағдар беру дәрісі өтті
2025 жылғы 7 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ержан Әбдірайымұлы Керімбаев Семей қаласында кәсіби бағдар беру дәрісін өткізді. Іс-шара кафедраның кәсіби бағдар беру жұмыстарының жоспары аясында ұйымдастырылып, үлкен қызығушылық тудырды.
«Шығысты оқы, таңырқа!» атты дәріс Әлихан Бөкейхан университетінде өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында шығыстану мамандығына қызығушылықты арттыру, жоғары білімнің мүмкіндіктері мен болашағы туралы жан-жақты ақпарат беру. Дәріс Тұрақты даму мақсаты ТДМ 4 – Сапалы білім аясында ұйымдастырылды.
Дәріс барысында шығыстану мамандығының қалыптасу тарихы, қазіргі даму үрдістері мен болашағы, сондай-ақ Шығыстану факультетінің даму кезеңдері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар Қытайтану кафедрасының білім беру бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктері және үш сатылы оқу үдерісі (бакалавриат–магистратура–докторантура) туралы толық ақпарат берілді. Ержан Әбдірайымұлы Қытай Халық Республикасында оқуға арналған білім беру бағдарламалары, гранттар мен академиялық алмасу мүмкіндіктері жөнінде де кеңінен баяндады.
Іс-шараға Семей қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен түрлі оқырман клубтарының өкілдері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 60-қа жуық адамды құрады. Қатысушылар дәріске ерекше қызығушылық танытып, белсенді пікір алмасу орын алды.
Дәріс соңында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, Ержан Әбдірайымұлы оларға жан-жақты әрі мазмұнды жауап берді. Аталған кездесу жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, саналы мамандық таңдауына және сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға елеулі үлес қосты.

Басқа жаңалықтар