- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Араб тілі апталығы: Орталық Азия / Қазақстан» халықаралық апталығы басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Араб тілі апталығы: Орталық Азия / Қазақстан» халықаралық апталығы басталды
2025 жылғы 11 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Сұлтан ибн Абдулазиз Әл Сауд халықаралық тілдік дайындық бағдарламасы аясында «Араб тілі апталығы: Орталық Азия / Қазақстан» халықаралық апталығының ашылу салтанаты өтті. Биылғы апталық «Исламтанулық және дінтанулық зерттеулерді жүргізудегі араб тілін үйретудің ерекшеліктері» тақырыбына арналған.
Аталған шара Сұлтан ибн Абдулазиз Әл Сауд қайырымдылық қорының және Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы – ИСЕСКО-ның ұйымдастыруымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің серіктестігімен өтті.
Қонақтар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Ж.Қ.Түймебаевтың қабылдауында болып, ортақ мәселелерді талқылады. Салтанатты жиынды факультет деканы, профессор Бекжан Мейірбаев жүргізді, келген қонақтарды таныстырып, ҚазҰУ мен ИСЕСКО арасындағы байланыстың тарихына қысқаша шолу жасап өтті. Сұлтан және Абдулазиз Әл Сауд қайырымдылық қорының операциялар бөлімінің бастығы доктор Сүлейман әл-Омари мен бас директорының орынбасары доктор Абдулазиз әл-Мақуши Сұлтан және Абдулазиз Әл Сауд қайырымдылық қорының атқарған жұмыстарды атап өтіп, болашаққа деген жоспарларды белгіледі.
ИСЕСКО ұйымының өкілі доктор Анас Хусам ан-Нуайми: «Ислам əлемінің білім, ғылым жəне мəдениет ұйымы – ИСЕСКО Бас директоры, мəртебелі доктор Салем бин Мұхаммед əл-Мəлік мырзаның атынан сөйлей отырып, мен Қазақстан Республикасына, сондай-ақ Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, ИСЕСКО жəне Сұлтан бин Абдулазиз Əл Сауд қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, осы ерекше бағдарламаны — «Сұлтан бин Абдулазиз Əл Саудтың алықаралық тілдік дайындық бағдарламасын» ұйымдастырғаны үшін алғыс пен ризашылығымды білдіремін» деп осы апталықты Қазақстанда ұйымдастыру шешімі бекер еместігін айтты. Себебі, мұсылман әлеміне ғана емес, әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосқан атақты ғалым әл-Фараби қазақ даласынан шыққан. Анас Хусам ан-Нуайми өз сөзін араб тілінің көркемдігін паш еткен жанынан шығарған өлең жолдарымен аяқтады. Бұл жиынға ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Бас хатшысының орынбасары Бақберген Қойшыбаев пен Сауд Арабия патшалығы елшілігінің хатшысы Турки әл-Мәлики қатысып, сөз сөйледі.
Философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева араб тілін исламтану зерттеулерінде қолданудың өзектілігін атап өтіп, ҚазҰУ-да ИСЕСКО-ның зерттеу орталығын ашу жөнінде ұсыныс білдірді.
Апталық аясында ИСЕСКО сарапшылары мен шығыстанушы ғалымдар қатысқан семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Семинарларда араб тілін оқытудағы инновациялық тәсілдер, ғылыми коммуникацияның жаңа әдістері және араб тілінің мәдени-рухани құндылықтарды жеткізудегі рөлі қарастырылады.
«Араб тілі апталығы: Орталық Азия / Қазақстан» халықаралық іс-шарасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастық пен мәдени дипломатия бағытындағы маңызды бастамаларының бірі. Бұл апталық Қазақстан мен Ислам әлемі арасындағы білім, ғылым және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейдегі серіктестік аясын кеңейтуге серпін береді.
Сұлтан ибн Абдулазиз Әл Сауд қайырымдылық қоры мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО) арасындағы серіктестік нәтижесінде өткізілген шара араб тілін тек тілдік пән ретінде емес, рухани және ғылыми интеграцияның маңызды құралы ретінде дәріптеді. Университет қабырғасында өткен семинарлар мен шеберлік сабақтары арқылы қатысушылар араб тілін исламтану және дінтану саласында қолданудың ерекшеліктерін терең меңгеруге мүмкіндік алады.
Аталған іс-шара ҚазҰУ-дың тек Қазақстанның емес, бүкіл Орталық Азия аймағының жетекші ғылыми және мәдени орталығы ретіндегі беделін арттыра түсті. Университет өзінің көпжылдық дәстүрін жалғастырып, әлемдік деңгейдегі диалог пен өзара түсіністікті дамытуда маңызды алаң болып қала бермек.







Басқа жаңалықтар