Ұлттық валюта күнін мерекелеуге арналған Ашық кураторлық сағат — теңге
2025 жылдың 13-қарашасында, сағат 16:00-де, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде, «Қаржы және есеп» кафедрасының куратор-эдвайзерлері э.ғ.к. А.С. Асилова мен э.ғ.к. Ж.К. Жорабаеваның жетекшілігімен «Қаржы» мамандығының 2-курс студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 8 Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», ТДМ 17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» аясында және «Ұлттық валюта – Теңге күні» мерекесіне орай «Теңге – ел тәуелсіздігінің экономикалық тірегі» тақырыбында ашық кураторлық сағат өтті.
Іс-шараға көптеген құрметті қонақтар, кафедра профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ шетелдік студенттер қатысты. Бұл кураторлық сағаттың басты мақсаты – ұлттық валютамыз теңгенің ел тәуелсіздігіндегі, экономикалық тұрақтылық пен өркендеудегі маңызын насихаттау, Ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру, мемлекетіміздің қаржы жүйесіне құрметті арттыру, сондай-ақ студенттердің Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) туралы білімін тереңдету болды.
Шара әсерлі оркестрдің әуенімен басталып, жалынды күй мен отан сүйгіш әндермен жалғасты. Студенттер өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық рухты, елге деген сүйіспеншілікті және экономикалық білімдерін паш етті. Сонымен қатар, қатысушылар арасында Ұлттық рухты оятатын «Қазақ елі осындай», «Бір үйдің баласындай» әнідері,«Әлқиса», «Балбырауын», «Еркесылқым»күйлері орындалды
Ашық кураторлық сағатта теңгенің 1993 жылы айналымға енгізілуі – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды экономикалық қадам екені ерекше атап өтілді. Ұлттық валюта – елдің экономикалық егемендігінің нышаны, мемлекеттік тұтастықтың символы екендігі студенттерге кеңінен айтылды.
Іс-шара барысында студенттер мен қатысушыларға Kahoot викторинасы ұйымдастырылып, теңге тарихы мен Қазақстанның қаржы жүйесі туралы, неліктен ұлттық валюта мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызды, цифрлық теңге болашақта не өзгерте алады, жастардың қаржылық сауаттылығы сияқты қызықты сұрақтарға жауап берілді.
Шара соңында «Қаржы және есеп» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен шетел студенттері өз ойларымен бөлісті және жақсы тілектерін білдірді.
Осындай мазмұнды шаралар ҚазҰУ-дың рухани бай дәстүрін, елді сүю мен бірлікті айшықтап, студенттерді ұлттық сана мен экономикалық ой-өріс тұрғысынан дамытуға жетелейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әрқашан ел болашағының берік негізі – білімді, отансүйгіш және жаңашыл жастарды тәрбиелеуді басты мақсат етіп келеді.
Басқа жаңалықтар