Бауырластық пен руханияттың көпіріFarabi University

Бауырластық пен руханияттың көпірі

14 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен 14.11.25 күні Түркі руханиятының қос алыбының шығармашылығына арналған «Абай мен Мақтұмқұлы – ұлы классиктер» атты мәдени-рухани іс-шара өтті.

Мәдени шарада қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы мен түрікмен халқының данышпан ақыны Мақтұмқұлы Фраги мұралары арқылы халықтар арасындағы бауырластық пен мәдени сабақтастықтың тамыры тереңде екені кеңінен сөз болды.

Шарада шетел филологиясы мамандығының 4 курс студенттері қос классиктің өлеңдерін қазақ және түрікмен тілдерінде оқып, тыңдарман жүрегін тебірентті. Ақындардың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар оқылды.

Абайдың «Қара сөздеріндегі» өмір мәні, Мақтұмқұлының «Адам бол!» өсиеті — бір-бірімен рухани үндес тақырыптар ретінде көрінді.
әдеби кешке арнайы қонақ ретінде шықырылған Түркімен мәдени орталығының құрметті мүшесі, еліміз тәуелсіздік алғалы бері екі бауырлас елдің мәдени байланысының берік болуына талмай еңбек етіп келе жатқан Аннакулиева Гүлнар Атайқызы ханым қатысып: «Түркі халықтарын жақындастыратын ең мықты көпір – руханият. Абай мен Мақтұмқұлының мұрасы сол рухани көпірдің алтын қазығы», — деген пікірін айтты.

Әдеби кештің құрметті қонақтары ретінде университеттің Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің орынбасары                            ф.ғ.к., Г.Ш.Акимбекова арнайы келіп сөз сөйлеп құттықтады. Ол кісі өз сөзінде: «Абай мен Мақтұмқұлы — түркі әлемінің рухани тұтастығын көрсететін қос биік шың. Олар өз дәуірінде ғана емес, бүгінгі түркі жұртының да ой-санасына жол көрсетіп келеді», — деп атап өтті.

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі PhD доктор М.М.Аймағамбетова ханым да өз сөзінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының жұмысына табыс тілеп, біздің факультеттегі түркімен студенттерін қолдап келе жатқан Түркімен орталығына шексіз алғысын білдірді. Меңгеруші ханым сонымен бірге Аннакулиева Гүлнар Атайқызын осы жылғы мерейлі 70 жасымен кафедра ұжымы атынан құттықтап, жұмысына шығармашылық табыстар тіледі.

«Абай мен Мақтұмқұлы – ұлы классиктер» атты бұл рухани жиын — түркі дүниесінің әдеби мұрасына тағзым етудің, ұлттар арасындағы достық пен бірлікті дәріптеудің жарқын үлгісі болды.
Екі ұлы ақынның шығармалары – түркі халықтарының ортақ жүрек үнін, мәңгілік достығын айшықтайтын рухани мұра.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының

аға оқытушылары Байелі Ә.Ж., Искакова Г.Н.