1. Ғылыми білім беру жұмыстары
Механика-математика факультетінің механика кафедрасымен бірлесіп құжаттар дайындалып, «Робототехникалық жүйелер» білім беру бағдарламасы ашылды (бакалавриат, магистратура, докторантура).
Орталықта ғылыми зерттеу жұмыстарымен механика-математика факультетінің, ақпараттық технологиялар факультетінің және физика-техникалық факультетінің магистранттары мен докторанттары айналысады.
Докторанттардың ғылыми зерттеу жұмыстары Prof. Tarek Sobh (Lawrence Technological University, USA), Prof. Sarosh Patel (Bridgeport University, USA), Prof. Said Zeghloul, Prof. Med Amine Laribi (Poitiers University, France), Prof. Marco Ceccarelli (University of Rome Tor Vergata, Italy), Prof. Giuseppe Carbone (University of Calabria, Italy) қатысуымен жүргізіледі.
2. Ғылыми зерттеу жұмыстары
Ғылыми зерттеу жұмыстары келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
- параллель роботтар,
- RoboMech класты параллель манипуляторлар,
- гуманоид роботтар,
- мехатроникалық жүйелер.
2.1. Параллель роботтар саласында 3-PRRS, 3-PRPS, 3-UPU түрлеріндегі триподтар жасалуда және зерттелуде.
2.2. RoboMech класты параллель манипуляторлар (ПМ) саласында цилиндрлік координаттар жүйесінде жұмыс істейтін ПМ; екі сырғақты ПМ; екі жұмыс мүшелі ПМ жасалуда және зерттелуде.
2.3. Гуманоид роботтар саласында «Ai-Gerim» гуманоид роботы жасалуда және зерттелуде.
«Ai-Gerim» гуманоид роботы – мүмкіндігі шектулі адамдарды жұмысқа орналастыруға болатын отандық алыстан басқарылатын әлеуметтік робот.
2.4. Мехатрондық жүйелер саласында қауіпсіз басқарудың интеграцияланған зияткерлік жүйесі және автономды борттық зарядтау станциясы бар электротрицикл мен шағын өлшемді жүктерді картадағы нүктелерге жеткізуге арналған квадрокоптер жасалуда және зерттелуде.
3. Ғылыми жобалар
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы бойынша келесі ғылыми жобалар орындалды және орындалуда:
- АР051354493 «Машиналардың орындаушы механизмдері мен манипуляторлардың құрылымдық-параметрлік синтезі» (2018–2020). Қаржыландыру сомасы: 45,0 млн теңге.
- АР08857522 «RoboMech класты параллель манипуляторларды жобалау» (2020–2022). Қаржыландыру сомасы: 70,0 млн тенге.
- АР14872115 «Алты еркіндік дәрежесі бар трипод түрдегі жаңа параллель манипуляторларды жобалау және зерттеу» (2022–2024). Қаржыландыру сомасы: 71,0 млн тенге.
4. Ғылыми басылымдар, патенттер, баяндамалар
2018–2023 жж. Scopus және Web of Science дерекқорларына енгізілген 17 ғылыми мақалалар жарияланды, Қазақстан Республикасының 4 патенті алынды, Дүниежүзілік конгресстер мен халықаралық конференцияларда 16 ғылыми баяндамалар жасалды.
5. Робототехника бойынша STEM (Science, Technology, Engineering and Mathematics) білім беру
RoboMech ҒБО FIRST (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) бағдарламасының операторы USTEM Roboticsтің серіктесі болып табылады. Қазақстанда және Орталықта Азиядағы жастарға робототехника және инновациялық технологиялар бойынша білім алуға, халықаралық робототехника жарыстарына дайындалуға және оларға қатысуға көмек көрсетеді.
Arduino Uno платформасы негізінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған робототехника және инновациялық технологиялар бойынша Temirqanat оқу бағдарламасы жасалды.
6. Марапаттар
«Ai-Gerim» роботы «The 3rd Silk Road Robotics Innovations Competition», Xian, China, 2019 халықаралық конкурстың сертификатымен марапатталды.
Байғұншеков Ж.Ж. Халықаралық және Ресей инженерлер одағының В.Г.Шухов атындағы Алтын медалімен (1992), Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2018), «Парасат» орденімен (2022) марапатталды.