Этноэкспедиция туралы

Тарих факультетінің «Археология, этнология және музеология» кафедрасы жыл сайын этнографиялық ескерткіштерді зерттеу мақсатында ғылыми далалық этнографиялық экспедициялар жүргізеді.

Далалық этнографиялық экспедициясының ғылыми жетекшісі: Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Картаева Тәттігүл.

Этнографиялық экспедициялар:   «Сыр-Арал – 2012 - 2014»; «Қазақстанның аридтік (шөл/шөлейт) аймақтары – 2018-2020»; «Мойынқұм, Қызылқұм – 2021-2023».

 «ЭТНОЭКСПЕДИЦИЯ» атты виртуальды фотокөрме дәстүрлі баспана киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен,  суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ, тал, жүзгін, көкбұта, сексеуіл, жыңғылмен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты  қазақ халқының дәстүрлі білімдер  жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен  таныстырады.

Этноэкспедициялық зерттеулер барысында белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, жойылу қаупіндегі және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды.  Солтүстік Қызылқұм, Арал, Маңғыстау аймағында тұратын қазақтардың мал қора соғу,  түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ, үй кәсіпшілігін жүргізуіндегі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсетін фотолар қойылған. 

Сыр-Арал және батыс өңірдің киелі жерлеріндегі этнографиялық ескерткіштер – кесенелер, қабір үстіне қойылатын тастардың түрлері: құлпытас, сандықтас, қойтас, қошқартастардың  сақталуы ерекше назар аудартады, сонымен қатар, олар  қазақ халқының ежелгі сәндік-қолданбалы өнеріндегі тас қашау өнерінің бірегей үлгілері.