- Басты бет
- Жаңалықтар
- ХХ–ХХІ ғасырлар тоғысындағы утопия және антиутопия жанрларының жаңа аспектілері
ХХ–ХХІ ғасырлар тоғысындағы утопия және антиутопия жанрларының жаңа аспектілері
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушылары, филология ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Л.А.Мекебаева, PhD-доктор Г.Т.Оспанованың жетекшілігімен Әдебиеттану мамандығының 4-курс студенттерімен 4-ТДМ «Сапалы білім беру» аясында «ХХ–ХХІ ғасырлар тоғысындағы утопия және антиутопия жанрларының жаңа аспектілері» атты тақырыпта ашық пікірсайыс өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазіргі әлемдік әдеби кеңістіктегі утопиялық және антиутопиялық жанрлардың даму векторын, олардың жаңаша көркемдік, философиялық әрі әлеуметтік қырларын студенттерге терең таныстыру, жанр табиғатын талдауға бағытталған ғылыми-теориялық ойлау қабілетін жетілдіру болды. Пікірталас барысында оқытушы Мекебаева Л. А. утопия мен антиутопия жанрларының тарихи қалыптасуына қысқаша шолу жасап, Томас Мордан бастау алған утопиялық ойлау жүйесінің ХХ ғасырда түбегейлі өзгерістерге ұшырауы, техникалық прогресс, әлемдік соғыстар, әлеуметтік дағдарыстар секілді факторлардың антиутопиялық ойдың күшеюіне әсер еткені жөнінде жан-жақты түсінік берді. Сонымен қатар Дж. Оруэлл, О. Хаксли, Р. Брэдбери, М. Этвуд, К. Ишигуро сынды авторлардың шығармаларындағы көркемдік концепциялар талданды.
Студенттер өз кезегінде ХХІ ғасыр әдебиетіндегі жаңа үрдістерге тоқталып, постапокалиптикалық бағыт, биотехнологиялық антиутопиялар, цифрлық әлемге негізделген жаңа утопиялық жобалардың ерекшеліктерін мысалдармен талқылады.
Қатысушылар заманауи қоғамдағы еркіндік, билік, технологиялық бақылау, адам табиғаты, экологиялық қауіп сияқты өзекті мәселелердің қазіргі әдебиетте қалай көрініс табатыны жөнінде пікір алмасып, ғылыми тұжырымдарын ұсынды. Пікірталас интерактивті форматта өтті: сұрақ-жауап, топтық талдау, мәтіндік үзінділер бойынша пікір айту, авторлар концепцияларын салыстыру сияқты әдістер қолданылды. Талқылау барысында студенттердің әдеби-теориялық дайындық деңгейі, мәтінді терең түсіне білу дағдысы және жанрлық құбылыстарға сыни көзқарасы айқын байқалды.
Басқа жаңалықтар