ЛИДЕРЛІК ДӘРІСКЕ ШАҚЫРУFarabi University

ЛИДЕРЛІК ДӘРІСКЕ ШАҚЫРУ

24 қараша, 2025

Tattym Shaiken | Cancer Conferences | Oncology Conferences | Cancer  Conferences 2023Биология және биотехнология факультеті Сіздерді профессор Шайкен Таттымның «Қатерлі ісіктің табиғаты және онкологиялық аурулармен күрес жолдары» тақырыбындағы лидерлік дәрісіне шақырады. Дәріс 2025 жылдың 28 қарашасында сағат 12:00-де КазНУ Ректоратының 15-қабатындағы конференц-залда өтеді.

Шайкен Таттым — ҚазМУ биология факультетінің 1979 жылғы түлегі, бүгінде жасуша биологиясы саласындағы әлемдік деңгейдегі жетекші ғалымдардың бірі. Доктор Шайкен АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы Peri-Nuc Labs компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры, Baylor College of Medicine профессор-зерттеушісі және Қазақстан–Америка цитоматрицаны зерттеу орталығының америкалық тараптан координаторы болып табылады.

Профессордың зертханасы қатерлі ісік пен жасуша биологиясын зерттеуде инновациялық тәсілдер әзірледі. Ғалымдар цитоматрицаны — цитоплазманың дербес бөлінбеген серпімді қатты фазасын алғаш рет бөліп, сипаттады. Цитоматрицаны терең түсіну қатерлі ісікпен күресте маңызды.

Профессор Шайкен және оның командасы жасуша іздерін алу үшін мұздатылған ісік үлгілерінен қатерлі жасушаларды тиімді бөліп алудың жылдам және сезімтал технологиясын және химиялық қосылыстарды жоғары өнімділікпен скринингтеу әдісін жасады. Бұл технологиялар қатерлі ісік жасушаларының иммуногенетикалық қасиеттерін анықтауға, ісікке қарсы антиденелердің аффиндігін тексеруге, сондай-ақ болашақта тиімді болуы мүмкін бірқатар дәрілік препараттарды скринингтеуге мүмкіндік береді.

Профессор Шайкен Таттымының лидерлік дәрісі қатерлі ісік дамуының молекулалық-жасушалық механизмдеріне, жасуша биологиясындағы технологиялық жетістіктерге және ғылыми зерттеулерді коммерциаландыру мәселелеріне қызығушылық танытатын тыңдаушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды болмақ.

 

Биология және биотехнология факультетінің деканы, 

профессор М. С.Курманбаева