«Қазақстан биоресурстарының қазіргі жағдайы»: ЦУР-15 «Жер экожүйесін сақтау» аясындағы ашық кураторлық сағатFarabi University

«Қазақстан биоресурстарының қазіргі жағдайы»: ЦУР-15 «Жер экожүйесін сақтау» аясындағы ашық кураторлық сағат

9 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 1 желтоқсан күні Ботаника және агроэкология кафедрасында куратор-эдвайзер, PhD, аға оқытушы Ж.А. Абдукадирова «6B05102 – Биология» білім беру бағдарламасының 1-курс 25-17, 25-18 топ студенттерімен «Қазақстан биоресурстарының қазіргі жағдайы» тақырыбында ЦУР-15 «Жер экожүйесін сақтау» бағыты аясында ашық кураторлық сағатын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның бірегей жер үсті экожүйелерін, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау мен оларды ұтымды пайдалану мәселелерін Тұрақты даму мақсаттарымен байланыстыра отырып талқылау, студенттердің экологиялық жауапкершілігі мен ғылыми дүниетанымын қалыптастыру болды.

Кураторлық сағат барысында студенттер Қазақстанның биологиялық ресурстарының қазіргі жағдайына тоқталып, табиғи кешендердің антропогендік әсер жағдайындағы өзгерістерін, сирек және жойылып кету қаупі бар түрлерді қорғаудың өзектілігін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлін жан-жақты талқылады. Жануарлар мен өсімдіктер әлемін ұтымды пайдалану, ресурстық түрлерді сақтау, олардың санын ұдайы арттыру, табиғи қорын тиімді басқару тетіктері бойынша ғылыми деректер мен нақты мысалдар келтірілді. Студенттер орман, дала, шөл және таулы экожүйелердегі биоресурстарды пайдалану тәжірибесін, жер ресурстарының деградациясы мен шөлейттену мәселелерін қамтыған таныстырылымдар жасап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара интерактивті форматта өтіп, пікірталас, сұрақ-жауап, шағын топтарда талдау элементтері кеңінен қолданылды. Студенттер табиғатты пайдаланудың құқықтық және этикалық қырлары туралы өз көзқарастарын білдіріп, Қазақстан биоресурстарын сақтау жолында жеке жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті. Кураторлық сағаттың қорытындысында қатысушылар ЦУР-15 «Жер экожүйесін сақтау» мақсатына қол жеткізуде биолог-мамандардың, соның ішінде болашақ жас ғалымдар мен мұғалімдердің шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтіп, жер экожүйелерін қорғау мен қайта қалпына келтіруге бағытталған ғылыми-зерттеу және ағартушылық жобаларға белсенді қатысуға ниет білдірді.

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы