- Басты бет
- Жаңалықтар
- Тұрақты даму мақсаттарымен ұштасқан «Денсаулық – зор байлық» атты тәрбиелік іс-шара өткізілді
Тұрақты даму мақсаттарымен ұштасқан «Денсаулық – зор байлық» атты тәрбиелік іс-шара өткізілді
Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, қоғамның әл-ауқатын арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттау бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған орай, педагогикалық практика аясында Нажипқызы Меруерттің жетекшілігімен, Діністанова Балауса Қанатбайқызының қатысуымен, химия факультетінің 1 курс магистранттары Айкенова Айнур мен Ашіралы Ақжанат «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырып, оны Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) тығыз байланыстыра өткізді.
Тұрақты даму мақсаттары – кедейлікті жоюға, теңсіздікпен күресуге, жер ресурстарын қорғауға, бейбітшілік пен қоғамның гүлденуін қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық бастама. Бұл мақсаттар ішінде №3 ТДМ – «Салауатты өмірді қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатын арттыру» – басты орындардың бірін алады.
Осы бағытты негізге ала отырып, ашық сабақта студенттерге салауатты өмір салтының маңыздылығы, дұрыс тамақтану принциптері, дене белсенділігінің рөлі, психологиялық тепе-теңдіктің адам денсаулығына әсері туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды. Сабақ барысында көрнекі презентация көрсетіліп, бірнеше ойындар, сәйкесінше белсенді студенттерге кішірігім сыйлықтар және заманауи статистикалық деректер мен түсіндірме материалдар ұсынылды.
Сабақтың практикалық бөлігінде студенттер арасында бірнеше кезеңнен тұратын танымдық сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар 3 топқа бөлініп, келесі сұрақтарға жауап берді:
– Дұрыс тамақтанудың негізгі ережелері қандай?
– Салауатты өмірге жетудегі негізгі кедергілер қандай?
– Рухани үйлесім мен жан тыныштығы адам денсаулығына қалай әсер етеді?
– Спорт пен белсенді өмір салты өмір сапасын қалай жақсартады?
Сайыс форматында дискуссия, тест сұрақтары және тәжірибелік тапсырмалар қамтылды. Жарыс қорытындысы бойынша барлық топтар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Іс-шара студенттерге салауатты өмір салтының жеке адам үшін ғана емес, елдің тұрақты дамуы үшін де маңызды екенін түсіндірді. Денсаулықты сақтау мәдениеті қоғамның жалпы дамуына, білім сапасына, экономикалық өсімге және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететіні айтылды. Сонымен қатар, бұл ашық сабақ жастардың Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етті.
Басқа жаңалықтар