Тәуелсіз елім – ҚазақстанFarabi University

Тәуелсіз елім – Қазақстан

10 желтоқсан, 2025

Жаһандық ақпарат ағыны мен түрлі мәдениеттер тоғысқан қазіргі заманда ұлттық рухымыз бен болмысымызды айқындайтын ең маңызды құндылықтар – халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі мен рухани мұрасы екені сөзсіз. Егемендікке қол жеткізген сәттен бастап Қазақстан өзінің төл мәдениетін, тілі мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға айрықша мән беріп келеді. Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойғы арманының орындалуы ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртатын, қоғамды біріктіретін қасиетті күн.

Осыған орай 10 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде Биотехнология мамандығының 1 курс студенттерімен «Тәуелсіз елім – Қазақстан» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Сабақты топ эдвайзері Н.Р. Акмуханова ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – студенттерге Тәуелсіздіктің тарихи маңызын түсіндіру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу, ел дамуының негізгі кезеңдерімен таныстыру.

Ашық сабақ барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси, экономикалық және мәдени жетістіктері, Тәуелсіздік күніне қатысты маңызды тарихи деректер айтылды. Студенттер ел рәміздерінің мән-мағынасы, алғашқы жылдардағы саяси шешімдер, жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңі жайлы мазмұнды баяндамалар жасап, белсенді пікір алмасты. Сонымен қатар Тәуелсіздік тарихына арналған бейнематериал көрсетіліп, интерактивті сұрақ-жауап ұйымдастырылды.

Сабақ соңында эдвайзер Н.Р. Акмуханова өз пікірін білдіріп, Тәуелсіздік ұғымының жас ұрпақ үшін маңызын ерекше атап өтті:

– Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Оны құрметтеу, сақтау және нығайту – әрбір азаматтың парызы. Бүгінгі ұрпақ елін сүйіп, оның дамуына үлес қоса алатын білімді, белсенді, жауапты болуы тиіс. Тарихты білу – болашаққа дұрыс бағытпен қадам басудың кепілі, – деп іс-шараны қорытындылады.

«Тәуелсіз елім – Қазақстан» тақырыбында өткен бұл ашық сабақ студенттердің патриоттық сезімін арттырып, ел тарихына деген қызығушылығын оятып, тәрбиелік мәні зор іс-шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Болашақ – жастардың қолында. Тәуелсіздігімізді құрметтеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың маңызды борышы.

Ұйымдастыруша Акмуханова Н.Р.