- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары биоалуантүрлілік жөніндегі 7-ші Ұлттық баяндаманы әзірлеуге қатысуда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары биоалуантүрлілік жөніндегі 7-ші Ұлттық баяндаманы әзірлеуге қатысуда
БҰҰДБ-да 2026 жылғы ақпанда Биологиялық әртүрлілік жөніндегі конвенцияның Хатшылығына ресми түрде ұсынылатын Қазақстан Республикасының биоалуантүрлілік жөніндегі 7-ші Ұлттық баяндамасын дайындау бойынша консультативтік кездесулер өтті.
Мемлекеттік институттардың, бизнестің, ғылыми және академиялық қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері салалық сарапшылармен бірге баяндаманы әзірлеу барысын, ұлттық міндеттер мен жүргізілген мониторинг нәтижелерінен туындайтын өзекті мәселелерді, оң тәжірибелер мен тәуекелдерді, тұрақты практикаларды енгізу және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқарудың заманауи құралдарын талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ҰО жанындағы Тұрақты туризм зертханасының меңгерушісі, т.ғ.к. Артемьевтің, сондай-ақ БҰҰДБ-ның экотуризм жөніндегі ұлттық сарапшысының айтуынша, антропогендік жүктеменің артуы жағдайында, ең алдымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, аумақтардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді құралы – экологиялық туризм болып табылады. Осыған байланысты ЕҚТА-дағы туристік-рекреациялық жүктемені ғылыми негізде нормалау экожүйелерді сақтау мен олардың тұрақты дамуы үшін ең өзекті міндеттердің бірі ретінде танылды.
Кездесу барысында табиғатты қорғау шараларының тиімділігін арттыру, саясат пен мониторинг жүйелерін, соның ішінде жаңартылған мониторингтік индикаторларды жетілдіру бойынша ұсыныстар қарастырылды. Қатысушылар әртүрлі бейіндегі мамандардың, академиялық және университеттік ғылым өкілдерінің консультативтік кездесулерге қатысуының маңыздылығын атап өтті. Бұл ұлттық және жаһандық міндеттерді талдау негізінде Қазақстандағы биоалуантүрліліктің қазіргі жай-күйіне объективті баға беруге және баяндаманың қорытынды нұсқасына енгізу үшін бірқатар ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік берді.