ТДМ №17 аясында Шэньчжэнь университетінің іргелі медициналық ғылымдар мектебімен серіктестікFarabi University

ТДМ №17 аясында Шэньчжэнь университетінің іргелі медициналық ғылымдар мектебімен серіктестік

15 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультеті биомедициналық ғылымдар және биотехнология салаларында Шэньчжэнь университетімен халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Биологиялық инженерия» және «Биотехнология» білім беру бағдарламаларының студенттері 2025 жылғы тамыздан 2026 жылғы ақпан айына дейін академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Шэньчжэнь университетінің іргелі медициналық ғылымдар мектебінде білім алуда. Бұл бағдарлама 2023 жылғы мамыр айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шэньчжэнь университеті арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың нақты көрінісі болып табылады. Ынтымақтастық екі жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетін біріктіруге және басым ғылыми бағыттар бойынша бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған.

Аталған әріптестік студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының алмасуын, жазғы мектептер мен бірлескен білім беру іс-шараларын ұйымдастыруды, сондай-ақ академиялық ұтқырлық пен ғылыми өзара іс-қимылды дамытуды қамтиды. Мұндай ынтымақтастық тұрақты институционалдық байланыстарды нығайтып, білім мен үздік тәжірибелер алмасуға және бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға ықпал етеді.

Бұл әріптестіктің жүзеге асырылуы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №17 –  «Мақсаттар жолындағы әріптестік» қағидаттарына сәйкес келеді және тұрақты дамуға қол жеткізудегі, ғылыми әлеуетті нығайтудағы және халықаралық тәжірибесі бар мамандарды даярлаудағы халықаралық академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.

Дайындаған: б.ғ.к., аға оқытушы А.А. Мелдебекова.