Құқықтық мәдениетті дамытудың маңызы зор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жылдардағы жолдауларында, жалпы, қолданылған саяси дискурсында «Құқық және тәртіп» идеологемасы алғы шептен орын алғанын байқаймыз. Тіпті қоғамда арнайы заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама да қабылданды. Оны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарына сай, педагогтер алдында жоғары оқу орындарында «Заң мен тәртіп» идеясын түсіндіру жұмысын жүргізу міндеті қойылып отыр.
«Құқық пен тәртіп» идеологиясын насихаттау мақсатында философия және саясаттану факультеті «Психология» мамандығының бірінші курс студенттерімен кураторлық сағат өткіздім. Оны эдвайзер ретінде өзім басқардым. Бұл іс-шараның студенттердің құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін дамытуда үлкен маңызы бар екенін атап өту орынды. Мәселен, Жапонияда мектептер мен университеттерде заңды құрметтеуді қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламалары бар екен. Әр ел заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің өзіндік жолын таңдайды. Өркениетті, дамыған елдерде білім беру және құқықтық ағарту заңды құрметтеуді қалыптастырудың кілті болып саналады. Тек заңды мәжбүрлік сипатта ғана емес, адамның саналы түрде іштей қабылдағаны тиімді екенін өмір көрсетіп отыр. Сондықтан ең алдымен халықтың құқықтық хабардарлығы деңгейін арттыру үшін азаматтарды ақпараттандыру жұмысын үлкен жолға қою керек. Мысалы, студенттерге арналған құқықтық ағарту шаралары олардың құқықтық санасы мен мәдениеті қалыптасуына оң ықпал тигізетіні анық. Бүгінде жас ұрпақпен жұмыс істеу үлкен басымдыққа ие міндет, өйткені болашақта құқықтық мәдениеттің деңгейін дәл осы жастар айқындайды. Құқықтық тақырыпта жария дәрістер, семинарлар, форумдар, дөңгелек үстелдер, тәрбиелік іс-шаралар (эссе конкурстары, дебаттар, олимпиадалар, іскерлік ойындар, дәрістер, әңгімелесулер, фильмдерді талқылау және т.б.) ұйымдастырылып, тұрақты өткізіліп отыруы керек.
Жоғары мұрат тұрғысынан қарасақ, заңда бөле-жару жоқ, ол бәріне бірдей болуы тиіс. Алайда іс жүзіндегі алшақтық халықтың оған деген сенімін аяқасты етеді. Қазір халық арасында «заң тек кедейлер мен осал жандар ғана міндетті түрде орындауға тиіс дүние, ал қалталылар мен жоғары лауазымдағы тұлғалар үшін заң үстемдігі әншейін бір бос сөз ретінде» деген түсінік бар. Заңның барлығына бірдей әділ қолданылуын қамтамасыз ете алмайтын мемлекетте құқықтық нигилизмнің орын алатыны түсінікті жайт. Қосарланған стандарт – сенімді жоюдың негізгі себептерінің бірі. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде лауазымды тұлғалардың заң бұзу фактілері жылдам жария болып, жұртшылық оның соңы немен аяқталатынын қадағалап отыратын болды. Жоғары тап өкілдерінің жауапкершіліктен құтылып кетуі жазаның бұлтартпастығы қағидасының бұзылуының жарқын көрінісі.
Күнделікті өмірде адамдардың «Әділеттілік пен жауапкершілік», «Заң мен тәртіп» деген ұғымдарды ұстану оларды қалай түсінуіне байланысты болып келеді. Біз іс-шараны өткізбес бұрын, жастардың бұл жайлы қандай түсініктері барын анықтап алдық. Бірінші курс студенттері Сапарали Нұртас пен Лаура Хачатрян «Жас студенттердің санасындағы құқық, тәртіп және әділеттілік ұғымдарының психологиялық талдауы» атты шағын зерттеу жүргізді. Зерттеу мақсаты қазіргі студенттердің осы үш маңызды категорияны қалай қабылдайтынын және олардың дүниетанымдарында бұлар қалай өзара байланысты екенін түсіну болды. Зерттеу жабық және ашық сұрақтарды қамтитын онлайн сауалнама ретінде жүргізілді. Бұл бізге тек статистикалық деректерді ғана емес, сонымен қатар жастардың құқыққа, моральға және әлеуметтік жауапкершілікке деген көзқарасын көрсететін жеке пікірлерді де жинауға мүмкіндік берді.
Біздің тәрбие жұмысы барысында көздеген мақсатымыз – заң ауыртпалық емес, әркімнің игілігі мен қорғаушысы деген түсінікті қалыптастыру. Аристотель жазғандай, әділеттілік кез келген заңның негізі болып табылады және қоғамды жандандырады. Бұл идея «Шынайы тәртіп ақыл мен ар-ұжданның үйлесімінде басталады» деген әл-Фарабидің сөздерімен үндеседі. Бұл ішкі түсінік студенттердің жауаптарында көрініс тапты, олар заңды негіз, тәртіпті жауапкершіліктің көрінісі және әділеттілікті ең жоғары моральдық құндылық ретінде қабылдайды. Сондай-ақ заң нормаларын адамдардың зор ынтамен сақтауы – олардың ақылға қонымды әрі әділетті болуында. Заң бабының өзі ішкі қарама-қайшылыққа толы болса не абсурдтыққа дейін жеткізілген, жалпы, ақылға қайшы нәрсе болса, оны орындамақ түгіл, мойындауға қарсылық туады. Тіпті «заң қатал, алайда ол заң» деп айтқанның өзінде де солай болады. Сондықтан заң жобаларының сапасына мән беру әрі оны психологиялық сүйемелдеу маңызды.
Зерттеу нәтижелері бүгінгі жастар үшін заң шектеу ретінде емес, керісінше, үйлесімділік пен тұрақтылықтың қажетті шарты ретінде қабылданатынын көрсетті. Тәртіпті жетілудің, жауапкершіліктің және ішкі ұйымдасудың көрсеткіші ретінде қабылдайды. Студенттер әділдікті адалдықпен, теңдікпен, мейірімділікпен және шындықтың ішкі сезімімен байланыстырады екен. Ол қалыптасқан ереже ретінде емес, дұрыс пен бұрысты ажыратуға көмектесетін моральдық сезім ретінде қабылданады. Заң мен тәртіп негізінен әлеуметтік ұғымдар ретінде өмір сүрсе, әділеттілік жеке және рухани сипатқа ие. Ол әрбір студент үшін ішкі тәжірибеге, ар-ұжданға және әлемді моральдық түсінуге негізделген әртүрлі көрінеді. Осылайша әділеттілік жеке тұлға мен қоғам арасындағы байланыстырушы буынға айналады, олардың қарым-қатынасына мағына мен адамгершілік сіңіреді. Әлемнің ұстазы әл-Фараби атап өткендей, мемлекеттің мінсіздігі адам ізгілікке ұмтылған кезде мүмкін болады. Дәл осы сана мен ішкі үйлесімділікке ұмтылу жаңа ұрпақтың рухын көрсетеді.
Жарас СЕЙІТНҰР,
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ассистент-профессоры
Басқа жаңалықтар