Қазақ мемлекеттілігінің генезисін зерттеушіFarabi University

Қазақ мемлекеттілігінің генезисін зерттеуші

28 қараша, 2025

Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайтану кафедрасының профессоры Нәбижан Мұқаметханұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Адал еңбек, қайсар міне­зі­мен Құдай берген дарынын ел игілігіне арнаған, бабалар ама­на­тын арқалап келіп ұлағатты ұс­таз атанған, әріптестерінің құр­метіне бөленген қытайтану­шы-ғалым, профессор Нәби­жан Мұқаметханұлының пе­ше­несіне әу бастан ғалым болу жазылса керек. Көрнекті ғалым 12 сәуірде, яғни Ғылым күні дүниеге келіпті. Болашақ ға­лым 1954 жылы ҚХР-дың Іле қа­зақ автономиялық облысы «Қа­банбай шоқысының» бөкте­ріне орналасқан, табиғаты өте көркем Мұқыр деген ауылда дүниеге келіпті. Арғы ата-ба­баларында ел бастаған көсем де, сөз ұстаған шешен де, мың­ғырған мал айдаған бай да, қажылыққа барған, ілім ұс­та­ған діндар кісілер де болған ағамыздың тектілік қанында болса керек.

«Үлкен секіріс», «Мәдени ре­волюция» деген сияқты Қы­тайда болған түрлі тарихи оқи­ға­ларды тегіс көзімен көрген Нәбижан Мұқаметханұлы өзі­нің білімдегі жолын 1973 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласын­да­ғы Сунь Ятсен атындағы мем­лекеттік университеттің тарих факультетінен бастаған. Оқу ордасын тамамдаған соң, Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институты және Ұлт­тар­ды зерттеу институты сияқ­ты ғылыми мекемелерде түрлі қызмет атқарған. 1985-87 жыл­дары Пекин университеті тарих фа­культетінің аспирантура­сын­да оқыды. Кеше ғана бүкіл саласы тоқырауға ұшыраған Қытайдың қайта түлеп, үлкен өзгерістерге аяқ басқан ре­фор­маларын көріп, шамасы келгенше атсалысуға тырысты.

«Кеңес Одағының құр­са­у­ын­да болған Қазақстан өз ал­дына тәуелсіз, егемен ел бол­ды» деген хабар шыққаннан-ақ Нәбижан Мұқаметханұлы та­ри­хи Отанға оралу әрекетін бас­тап кетті.

Бұл арманы 1993 жылы сәуір­де жүзеге асты. ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданып, 1997 жылға дейін академик Манаш Қозыбаевтың жетек­ші­лі­гімен ғылыми жұмыстар жаз­ды. Кандидаттық, докторлық ғы­лыми атағын қорғады. Осы­лайша ағамыз Қытайда Нығ­мен Мыңжан сияқты атақты ға­лым­дардың тәрбиесін көрсе, ел­ге оралған соң кеңестік жүйе­нің де фундаменталды мек­тебінен өтті.

Тарих және этнология инс­ти­тутында ғылыммен ай­на­лыс­қан Нәбижан Мұқаметхан­ұлы 2000 жылдардан бастап ғы­лымды ұстаздықпен ұштас­тыр­ды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, халықаралық қатынас­тар, шығыстану факультет­те­рінде шәкірт тәрбиеледі, ка­фе­дра басқарды.

2012 жылы өзінің күш са­луы­­мен университет жа­нынан құ­рылған Қазіргі заманғы Қы­тайды зерттеу орталығының директоры қызметін қолға алып, бүгінгі күнге дейін сол жер­де отандық ғылымды да­мытуға еңбек етіп келеді.

Профессор Мұқаметхан­ұлы­ның зерттеу еңбектерінің ая­сы өте кең. Ескі қытай жаз­ба­лары негізінде қазақ халқы­ның және қазақ мем­лекет­ті­лігінің генезисін зерттеді. Қы­тайдың орда хаттамалары арқылы Цин империясы мен Қазақ хандығы арасындағы қа­рым-қатынастарды жаңаша си­паттап, тың тұжырымдар жа­сады. Отандық абылайхантану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты, жаңа заманда қазақ хал­қының бөлінуі мен тұтас­та­ну үдерісін терең зерттеп, хал­қымыздағы ұлттық сана-сезім мен патриоттық рухын ай­шық­тап көрсетті. Қазіргі таңдағы Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін зерттеп, отан­дық қытайтану ғылымын қалыптастыру үшін құлшына еңбек етті. Осы бағыттарда ха­лық­аралық мінбелерде тұ­шым­ды баяндамалар жасап, ғылыми еңбектер жазды.

Жарты ғасырға жуық ғы­лым­­мен шұғылданып келе жат­қан Нәбижан ағамыз 440-тан астам ғылыми еңбек жария­ла­ды, оның 15-і – ғылыми моно­гра­фиялар мен оқу құралдары. Ол кісінің жетекшілігімен ғы­лыми дәрежесін қорғаған 4 ғы­лым кандидаты мен 5 PhD док­тор білім мен ғылым саласында та­нымал маманға айналды.

Бар өмірін «инемен құдық қазғандай» білім мен ғылым жолына арнаған Нәбижан Мұ­ха­метханұлына шын көңілден мықты денсаулық, қажымас қай­рат, отбасына амандық, баянды бақыт, шаттық пен береке тілейміз!

Ержан КЕРІМБАЕВ,

Қытайтану кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары