- Басты бет
- Жаңалықтар
- География және табиғатты пайдалану факультетінің ауыз су сапасы су ресурстарының сапалық құрамының динамикасын модельдеу зертханасында тексерілді
География және табиғатты пайдалану факультетінің ауыз су сапасы су ресурстарының сапалық құрамының динамикасын модельдеу зертханасында тексерілді
География және табиғатты пайдалану факультетінің «7M05207 – Гидрология» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын шетелдік магистранттарТДМ 6 — «Таза су және санитария» аясында ауыз су сапасын кешенді зерттеу жұмыстарына қатысты. Іс-шара шетелдік білім алушыларды су ресурстарының сапасын мониторингтеу және бағалау саласындағы университеттің ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерімен, инфрақұрылымымен және заманауи технологияларымен таныстыруға бағытталды.

Зерттеу «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының Су ресурстарының сапалық құрамының динамикасын модельдеу зертханасының базасында жүргізілді. Зертханалық сабақтар барысында магистранттар ауыз су сапасын талдау әдістемелерімен таныстырылып, ғылыми қызметкерлердің жетекшілігімен зертханалық зерттеулерді орындауға қатысты.

Зертханалық жұмыстар аясында ауыз судың органолептикалық, физика-химиялық және химиялық көрсеткіштері талданды. Су сапасын бағалау үшін заманауи аспаптық талдау әдістері, оның ішінде спектрофотометриялық әдістер, сондай-ақ жекелеген көрсеткіштерді бақылау және олардың санитарлық-гигиеналық нормативтерге сәйкестігін анықтау мақсатында УКВ-1 құралы қолданылды. Атап айтқанда, лайлылық, түсі, сутектік көрсеткіш (pH), қалқымалы және еріген заттардың мөлшері, сондай-ақ негізгі иондар мен химиялық элементтердің концентрациялары, оның ішінде темір, марганец, мыс, мырыш, хлоридтер, сульфаттар, нитраттар, нитриттер, фторидтер, аммоний және мұнай өнімдері анықталды.

Зерттеу нәтижелері бойынша ауыз су сапасының барлық талданған көрсеткіштері рұқсат етілген шекті концентрациялар шегінде екендігі және қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес келетіні анықталды.

Өткізілген іс-шара білім беру-демонстрациялық және практикаға бағытталған сипатта болып, шетелдік магистранттардың су ресурстарының сапасын мониторингтеу және бағалау саласындағы кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, сондай-ақ олардың университеттің академиялық және ғылыми-зерттеу ортасына интеграциялануына ықпал етті. Сонымен қатар, бұл жұмыс география және табиғатты пайдалану факультетінің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және суды ұтымды пайдалану тәжірибелерін ілгерілету контекстіндегі ғылыми-зерттеу қызметінің маңыздылығын айқындады.