«Инженерлік экология негіздері» тақырыбында ашық дәріс өткізілдіFarabi University

«Инженерлік экология негіздері» тақырыбында ашық дәріс өткізілді

12 желтоқсан, 2025

Тұрақты даму мақсаттарының 4-тармағы – «Сапалы білім» аясында «Инженерлік экология негіздері» тақырыбында ашық дәріс өткізілді. Дәрісті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «8D05205 – Геоэкология және табиғатты пайдалануды басқару» білім беру бағдарламасы бойынша 1-курс докторанты Бижанова Г.З. Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті М. Абдибаттаеваның ғылыми жетекшілігімен ұйымдастырды.

Ашық дәрістің негізгі мақсаты – тыңдаушылардың инженерлік экология және тұрақты даму қағидалары жөніндегі білімін кеңейту, техникалық жүйелердің қоршаған ортаға тигізетін әсерін түсіндіру және адам қызметінен туындайтын экологиялық жағымсыз әсерлерді азайту жолдарымен таныстыру болды.

Дәріс «Мейрамхана және қонақ үй бизнесі» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналды. Онда қонақжайлылық индустриясының экологиялық аспектілері, атап айтқанда мейрамханалар мен қонақүйлер қызметінің қоршаған ортаға әсері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар табиғатты қорғаудың заманауи технологиялары мен әдістері – су мен ауаны тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу, ресурстарды ұтымды пайдалану қағидалары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Дәріс барысында табысты экологиялық шешімдердің практикалық мысалдары ұсынылып, экологиялық жауапкершілікті бизнестің бәсекелестік артықшылықтары талқыланды. Атап айтқанда, экологиялық технологияларды енгізудің мекеме беделін арттырудағы және саналы тұтынушыларды тартудағы рөлі көрсетілді. Сонымен қатар қызметкерлер мен клиенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау мәселелері көтерілді.