Шығыстану факультетінде «Жібек Жолы» конференц залы ашылды
2025 жылғы 25 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде «Fu Jian Haina Education Technology Group» компаниясының демеушілігімен «Жібек Жолы» конференц залының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қытайтану саласындағы білім мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдауға бағытталған бұл жоба – Қытайтану кафедрасы мен «Fu Jian Haina Education Technology Group» компаниясының арасындағы серіктестіктің жемісі. Салтанатты рәсімнің тұсаукесерін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Ибраимов Маргулан Касенович пен «Fu Jian Haina Education Technology Group» компаниясы төрағасы Wu Keping мырза жасады. Сонымен қатар іс-шараға Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығының білім жөніндегі консулы Хуан Сяоминь ханым қатысты. Шығыстану факультетінің ардагер ұстаздары мен профессорлық-оқытушы құрамы, студенттер де көптен күткен залдың ашылуына куә болды. Ибраимов Маргулан Касенович «Fu Jian Haina Education Technology Group» компаниясының төрағасы Wu Keping мырзаға университет атынан алғыс хат табыстады. Fu Jian Haina Education Technology Group компаниясының толық қаржыландыруымен ашылып отырған «Жібек Жолы» конференц залы – көне өркениеттерді жалғаған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртып, академиялық диалог пен ғылыми пікір алмасудың жаңа орталығына айналатынына сеніміміз мол. Бұл зал Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтып, болашақ шығыстанушылар мен қытайтанушылар үшін маңызды алаң болмақ. Бұл бастама – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам.




Басқа жаңалықтар