ҚазҰУ-да «Жібек жолы» конференц-залы ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде заманауи «Жібек жолы» конференц-залының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, маңызды оқиға орын алды.
Халықаралық серіктестер – Fu Jian Haina Education Technology Group Co., Ltd компаниясының қолдауымен құрылған жаңа кеңістік Ұлы Жібек жолы елдерінің тарихын, мәдениетін және экономикасын зерттеумен айналысатын студенттер, ғалымдар мен сарапшылар үшін зияткерлік хаб болуға бағытталған.
Іс-шара дипломатиялық корпус өкілдері, университет басшылығы және шетелдік меценаттар қатысқан құрметті қонақтардың ресми кездесуімен басталды. Жиынға шығыстану факультетінің деканы Мірзахан Егембердиев модераторлық етті. Ол мұндай алаңдардың болашақ шығыстанушы мамандарды сапалы даярлау және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.
Салтанатты лентаны қию рәсіміне ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық даму жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов және шараның құрметті қонағы, Fu Jian Haina Education Technology Group Co., Ltd компаниясының төрағасы, доктор Ву Кэпин қатысты.
Өз сөзінде проректор Марғұлан Ибраимов ғылым мен білімді халықаралық кеңістікке ықпалдастырудың стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол бүгін тек заманауи жабдықталған аудитория ғана емес, зияткерлік диалог пен гуманитарлық байланыстарды нығайтатын бірегей платформа ашылып отырғанын атап өтті. «Жібек жолы» конференц-залы жас зерттеушілерді біріктіретін, Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа идеялар мен бірлескен ғылыми жобалар туындайтын орталыққа айналады. Негізгі мақсат – ҚазҰУ студенттері мен ғалымдарының халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде өз әлеуетін толық іске асыруына барлық жағдай жасау.
Сондай-ақ жиында ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің білім және мәдениет мәселелері жөніндегі атташесі Хуан Сяоминь сөз алып, жаңа алаң екі ел байланысының одан әрі дамуына ықпал етіп, ірі форумдар мен ғылыми симпозиумдар өтетін орынға айналатынына сенім білдірді. Университеттің білім беру бастамаларын доктор Ву Кэпин де қолдап, ҚазҰУ студенттерінің даярлық деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Университет инфрақұрылымын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін проректор Марғұлан Ибраимов доктор Ву Кэпинге ректор атынан алғыс хат табыстады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар