Ғылым саласындағы әйелдердің кәсіби дамуына арналған семинарFarabi University

Ғылым саласындағы әйелдердің кәсіби дамуына арналған семинар

26 желтоқсан, 2025

ЮНЕСКО-ның өңірлік офисінде қыздар-студенттер мен жас зерттеушілер арасында ғылыми мансапты насихаттауға, сондай-ақ әйелдердің білім алу, кәсіби өсу және қолдау мүмкіндіктерін талқылауға бағытталған семинар өтті.

Іс-шараға әртүрлі университеттердің, ғылыми-зерттеу институттарының және бейінді ұйымдардың жас өкілдері қатысты. Семинар барысында факультеттердің білім беру және ғылыми мүмкіндіктері, әйелдерді оқыту үдерісінде қолдау бағдарламалары, сондай-ақ оқытушылар мен табысты түлектерді спикерлер мен тәлімгерлер ретінде тарту арқылы менторлық бастамаларды дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар семинар аясында көрнекті әйел-ғалымдар өздерінің кәсіби қалыптасу тарихымен бөлісті. Олардың ғылыми жолы табандылықтың, жүйеліліктің және өз ісіне деген терең ынтаның айқын үлгісі болып, ғылымдағы табыстың тұрақты даму, академиялық мәдениет және таңдалған салаға адалдық негізінде қалыптасатынын көрсетті.

Семинар спикерлерінің бірі география және табиғатты пайдалану факультетінің география ғылымдарының кандидаты, доцент-зерттеушісі Мусина Айнур Каировна болды. Өз баяндамасында ол ғылымдағы кәсіби жолы, ғылыми, білім беру және жобалық қызметті үйлестіру тәжірибесі, сондай-ақ ғылым мен технология саласында мансап құруды жоспарлап жүрген жас қыздарға арналған практикалық кеңестерімен бөлісті. Ерекше назар мақсатқа ұмтылу, жүйелі білім, тәлімгерлік және пәнаралық тәсілдің тұрақты ғылыми нәтижелерге қол жеткізудегі рөліне аударылды.

Өткізілген іс-шара университеттік қауымдастық, ғылыми ұйымдар мен жастар арасындағы диалог үшін маңызды алаңға айналып, болашақ зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал ететін қолайлы академиялық ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.