- Басты бет
- Жаңалықтар
- Орталық Азия университеттерінің студенттеріне арналған климаттың өзгеруі және жергілікті қатерлерге бейімделу мәселелері бойынша семинар
Орталық Азия университеттерінің студенттеріне арналған климаттың өзгеруі және жергілікті қатерлерге бейімделу мәселелері бойынша семинар
ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» және ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсаттарын іске асыру аясында Орталық Азия университеттерінің студенттеріне арналған климаттың өзгеруі, жергілікті климаттық және экологиялық қатерлер, сондай-ақ халықтың бейімделу шаралары мәселелеріне арналған білім беру семинары өткізілді. Семинар жастардың климаттық және экологиялық сауаттылығын арттыруға, аймақтық және жергілікті деңгейлердегі заманауи климаттық сын-қатерлерді ғылыми тұрғыда түсінуді қалыптастыруға бағытталды.

Семинарды география және табиғатты пайдалану факультетінің жас ғалымы, аға оқытушысы Раймбекова Жанар Түймебайқызы жүргізді. Іс-шара барысында Орталық Азия елдеріне тән негізгі қауіп-қатерлер, соның ішінде қауіпті гидрологиялық құбылыстар, аптап ыстық толқындары, атмосфералық ауаның сапасының нашарлауы, сондай-ақ олардың халық денсаулығына, инфрақұрылымға және аумақтардың орнықты дамуына әсері қарастырылды.
Климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылып, халықтың осалдығын төмендетуге бағытталған практикалық шаралар, ерте ескерту жүйелерінің рөлі, қоғамды ақпараттандыру мен тартудың маңызы, сондай-ақ климаттық экстремумдардың күшеюі жағдайында табиғи ресурстарды орнықты басқарудың мәні талқыланды.

Семинарға Орталық Азияның әртүрлі университеттерінен студенттер мен жас зерттеушілер қатысты, бұл университетаралық диалогты дамытуға және білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етті. Өткізілген іс-шара аймақта климат, қауіпсіздік және орнықты даму мәселелеріне жауапты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған білім беру бастамаларын дамытуға маңызды үлес қосты.